Ешқандай техниканың көмегінсіз өз қолымен жөндей алады.
Келесте 8 жастағы шебер ұялы телефон жөндеп, елге қызмет көрсетіп жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Келес ауданының орталығы Абай ауылында жас шебер өсіп келеді. 8 жастағы Айдын Бекжанұлы ұялы телефондарды ешқандай техниканың көмегінсіз өз қолымен жөндей алады.
Ол Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы. Биыл төртінші сыныпқа қадам басты. Еңбекке ерте араласқан оқушы жазғы демалысын ойынға арнамай әкесіне қолғабыс етіп жүр. Әкесі – Бекжан Өтенов Абай ауылының тұрғыны, 2021 жылдан бері қалта телефонын жөндеумен айналысады. Мұнда шағын шеберханасы бар.
Бүгінде Айдын ұялы телефондарды толық бұзып, қайта жинай алады. Көптеген техникалық ақауларды өздігінен анықтап, жөндеуді үйреніп алған. Әкесінің айтуынша, баласының шеберлігіне кейде өзі де таң қалады екен. Тек электрмен байланысты қауіпті жұмысты ғана өзі жасайды, ал қалғанының барлығын Айдын емін-еркін атқара береді.
Айдын – отбасында үшінші бала. Ол кішкентайынан ізденуге, үйренуге құштар. Оның зеректігі мен техникаға деген қызығушылығы – туғаннан келе жатқан дарыны деуге болады. Ал ата-анасы баланың бұл қабілетін байқағаннан бері оны қолдап, ары қарай дамуына мүмкіндік беріп келеді.