ТҮРКІСТАН: 900 мың гектарға жуық жерге егін егіліп жатыр

0
877

Өңір басшысы ауыл шаруашылығына тиісті көңіл бөлініп, жеңілдетілген жанар-жағармай, тыңайтқыштар мәселесі жылдағыдан ертерек шешімін тапқанын айта келе осы игілікті үйлестіріп, шаруаларды қолдау керектігін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: 900 мың гектарға жуық жерге егін егіліп жатыр

Түркістан облысында 900 мың гектарға жуық жерге көкөніс, бақша дақылдары мен егін егілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары қарқын ала түсті. Осы салада нендей мәселелер бар? Жоспарлар қандай? Осы және өзге де сұрақтарға облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жауап берілді. Өңір басшысы ауыл шаруашылығына тиісті көңіл бөлініп, жеңілдетілген жанар-жағармай, тыңайтқыштар мәселесі жылдағыдан ертерек шешімін тапқанын айта келе осы игілікті үйлестіріп, шаруаларды қолдау керектігін жеткізді.


«Көктемгі дала жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылуы тиіс. Тыңайтқыш, жанар-жағармай және өзге де мәселелер бақылауға алынып, жұмыстар жүргізілген. Осыны шаруаларға жедел үлестіріп, жүйелеген жөн. Ауыл шаруашылығы басқармасы осыларды үйлестіріп, көмектесуі тиіс. Аудан, қала әкімдіктері жергілікті шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істесін. Сор шаю, жер жырту жұмыстары 100 пайыз орындалуы қажет. Ендігі кезекте өнімділікті арттыруға басымдық берілсін. Тұқым сапасын жақсарту, жаңа тәсілдерді енгізу жұмыстарын атқарыңыздар», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың есебі тыңдалды. Өңірде 873,6 мың гектарға егін егу жоспарланған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға артық. 496,5 мың гектар жерді жырту жоспарланса, бүгінде 425,3 мың гектар жер жыртылған. Жұмыстың 86 пайыздан астамы орындалған. 86,4 мың гектарда сор шаю жұмыстары жүрген. Ерте пісетін көкөніс үшін 2,7 мың гектар жер жыртылған. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының 95 пайызы жұмысқа дайын. 11,5 мың трактор, 1,3 мың дән сепкіш, 554 соқа қолданылуда.


Өңір шаруаларына 21,8 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге бөлініп, 1574 түрлі минералды тыңайтқышқа субсидияға өтініштер қабылдануда. Тұқыммен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 600 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүруде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін бүгінде 3,7 млрд. теңгенің несиесі мақұлданған.


Апталық аппарат отырысында облыстағы қоғамдық-саяси ахуал, облыс әкімі орынбасарлары мен аппарат басшысының өздеріне жүктелген салалары бойынша атқарған жұмыстары сараланды. Тұрғындардың өтініштерін орындау, өңірді дамыту бойынша тапсырмалар берілді.