ТҮРКІСТАН: Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымымен кездесті

0
56

Бұл кезеңде тарихи мұраны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және рухани құндылықтарды ілгерілету мәселелері айрықша маңызды.


ТҮРКІСТАН: Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымымен кездесті

Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымымен музей саласын дамытудың негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымымен кездесу өткізді.


Кездесу барысында ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде музей саласын дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Аида Балаева атап өткендей, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бұл кезеңде тарихи мұраны сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және рухани құндылықтарды ілгерілету мәселелері айрықша маңызды.


«Күні кеше еліміз мәні мен маңызы айрықша, жаңа тарихи кезеңнің куәсі болды. Республикалық референдумда халықтың басым бөлігі жаңа Конституцияға дауыс беріп, ел болашағын айқындайтын жауапты таңдау жасады. Жаңарған Ата заң жаңа дәуірдің рухани және құқықтық негізіне айналары анық. Біздің ендігі басты міндетіміз – конституциялық реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде іске асыру», – деді Аида Балаева.


Премьер-Министрдің орынбасары мәдениет пен ақпарат салаларына ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Себебі дәл осы салалар арқылы қоғамдық құндылықтар жүйесі қалыптасып, ұрпақтар сабақтастығы нығаяды.


Осыған байланысты «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының елдегі маңызды рухани әрі тарихи-мәдени орталықтардың бірі ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.


«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – тек мәдени мекеме ғана емес, ұлттың тарихи жадын сақтайтын, рухани тұтастығын бекітетін іргелі орталық. Мұнда тек бірегей мәдени мұра ғана сақталмай, сонымен бірге дәуірлердің байланысы көрініс табады. Бұл байланыс біздің мемлекеттілігіміздің, дәстүрлеріміздің және рухани құндылықтарымыздың бастауын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – осы мұраны сақтап қана қоймай, оны қазіргі ұрпаққа жаңа мазмұнда жеткізу», – деп атап өтті Аида Балаева.


Сондай-ақ кездесу барысында музей ісін жетілдіру, экскурсиялық қызмет сапасын арттыру, ғылыми мұраны жүйелі түрде зерттеу және насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтарын әлемдік деңгейде дамыту мәселелері талқыланды.


Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Аида Балаева Қожа Ахмет Ясауи кесенесі реставрациялық жұмыстардың барысымен танысты. 2023 жылдан бері «Қазреставрация» РМК нысан бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижесінде бірқатар практикалық шаралар жүзеге асырылғаны атап өтілді. Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары қазіргі кезеңдегі басты басымдық сыртқы жаңарту емес, бірегей ескерткіштің тарихи келбетін сақтау екенін ерекше атап өтті.


Кездесу қорытындысында Аида Балаева саланы дамытудың маңыздылығын атап өтіп, оларды әрі қарай жүзеге асыруды тапсырды.

Бөлісу