Финалдық бәсекенің жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрады.
Түркістанда «Alaman Sports 2021» додасының екінші маусымының финалы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында киберспорттан «Alaman Sports 2021» додасының екінші маусымының финалы өтті. Сайыстың қортынды кезеңіне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қатысып, Түркістан өңірінде жастарды қолдауға, олардың шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік жасалып жатқанын атап өтіп, жүзден жүйрік шыққан үздіктерді марапаттады.
Жалпы, соңғы жылдары жастар арасында кеңінен тарап жатқан киберспортқа қызығушылар өте көп. Тіпті, халықаралық сайыстар да ұйымдастырылып жүр. Осынау маңызды доданың финалын ірі мегаполистерден кейін қабылдаған Түркістан қонақтар мен қатысушылардың көңілінен шыға білді. Киелі шаһар жастардың ордасына айналып келе жатқаны аңғарылды.
Атап өтсек, финалдық бәсекенің жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрады. Нәтижесінде өздері қатысқан ойын жүйелері бойынша Дмитрий Ли (Tekken 7), Алмат Төлеуғалиев (StarCraft II), Абылайхан Ахметов (PES 2021) бірінші орынды иеленді. Ал PUBG сайысы бойынша Әкежан Балташев, Ермек Төребеков, Жәнібек Омаров және Артур Инжаков сынды мықтылардан жасақталған топқа бұйырды.
Іс-шара барысында «Alaman Sports 2021» LAN-финалының қонақтары төрт ойын-сауық аймағын аралап, киберспорттың қыр-сырымен танысты. Барлық тілек білдірушілер PlayStation ойынын тегін ойнауға мүмкіндік алды. Ойыншылар мен комментаторлар үшін арнайы жабдықталған «кибер-киіз үй» мен дәстүрлі қазақ киіміндегі аниматорлар да іс-шараға сән берді.
Сонымен қатар, Түркістандағы «Конгрес Холл» ғимаратының мәжіліс залында киберспорттық мектеп лигасын құру бойынша меморандумға қол қойылды. «Qazaq Cybersport Federation» президенті Қуанышбек Есекеев, «Urpaq Endowment» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ерұлан Құсайынов және «Bilim Media Group» директоры Рауан Кенжеханұлы өзара әріптестік орнату жөнінде уағдаласты.