ТҮРКІСТАН: ​Алаяқтықтың 70-тен астам жайтына қатысы бар күдіктілер қолға түсті

0
1 071

Түркістан ҚПБ-на ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.


ТҮРКІСТАН: ​Алаяқтықтың 70-тен астам жайтына қатысы бар күдіктілер қолға түсті

Түркістан қаласының полиция басқармасына мемлекеттік субсидия алуға көмек беремін деп алаяқтарға алданып қалған жергілікті тұрғындардың оншақты арызы келіп түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталмыш жайт Түркістан ҚПБ-на ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Түркістан ҚПБ-ның полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен екі күдіктіні құрықтады. Олар Түркістан қаласының ер мен әйел тұрғындары болып шықты.

Полиция қызметкерлерінің анықтағанындай, жас әйелдің жұмыссыз, көпбалалы ана екендігі белгілі болды. Ол өзінің танысымен алдын ала сөз байласып, жалған уәдемен азаматтардың сенімдеріне ие болып мемлекеттік бағдарлама бойынша субсидия алуға көмектесетініне сендірген. Жәбірленушілер 10 мың теңге мен 800 мың теңге аралығындағы ақшаларын алаяққа бергеннен соң, күдіктілер уәдесін орындамай, іздерін суытқан. Сондай-ақ олар жалған уәдемен иеленген ақшаларын өздерінің қажеттіліктеріне жаратып жүрген.

Бүгінгі күні тергеу барысында ұсталғандардың алаяқтықтың 70-тен астам жайтына қатысы бар екендігі анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 5 миллион теңгені құрап отыр. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да ұқсас алаяқтық жайттарына қатысы бар екендігін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта аталған алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері алаяқтардың құрбаны болмас үшін азаматтарға мұқият болуға және бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеу керектігін ескертеді. Жұмысқа орналастырып беремін немесе мемлекеттен қомақты қаржы алып беремін деп уәдені үйіп төгетін адамдардың сөзіне күмәнмен қарағаныңыз жөн. Егер сіз осы секілді қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.