Шара барысында қала тұрғындарына сапалы өнімдер қолжетімді бағада ұсынылды.
Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара барысында қала тұрғындарына сапалы өнімдер қолжетімді бағада ұсынылды.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарлары сондай-ақ«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері саудаға шығарылды. Нарықтағы бағадан 30-50 пайызға төмендетілген бағамен сатылған азық-түлік тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
– Бұл жәрмеңке ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілер үшін де өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен аптада «Отырар» мөлтек ауданында өткен жәрмеңке бүгін «Бірлік» секторында өтуде. Кезекті жәрмеңке 10-қазан күні «Яссы» секторында (Хақназар хан көшесін н/з фронт офис) өтеді деп жоспарлануда, – деді «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев.
Жәрмеңкеге келген жұртшылық күнделікті тұтынатын картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдерін тиімді бағамен сатып алды. Сауда алаңы қала тұрғындарын арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің де дамуына серпін берді.