ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік нысандардың құрылысы қатаң бақылауға алынған

0
343

49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік нысандардың құрылысы қатаң бақылауға алынған

Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, облысқа қарасты елді мекендерде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт бой көтермек. Бұл нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшылары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге Ұлттық пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Жобаның маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар міндеттеді.


“Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасының маңызы орасан. Бұл – мемлекеттік ғимарат. Құрылыс жұмыстары аса жауапкершілікті талап етеді. Уақыт тығыз. Жоспар белгіленген. Жұмыс процесін білесіздер. Сіздерден артық жұмыс талап етпейміз. Заңға сәйкес, белгіленген нормаларды сақтай отырып жұмыс жүргізіңіздер. Апта сайын нысандардың құрылысына мониторинг жүргізіледі. Құрылыс барысы тікелей Үкіметтің бақылауына алынған. Көмек қажет болса, көрсетеміз. Уақыт жоғалтпай, жұмысты ұйымдастырыңыздар”, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.


Қазіргі уақытта 3 ФАП-тың құрылысы басталып кетті. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданындағы Көкпарсай және Төрткөл ауылдарында 2 нысан, Жетісай ауданындағы Баққоныс ауылында 1 нысан салынып жатыр. Одан бөлек, 27 жобаның конкурсы жарияланды. Оның ішінде, 22 жобаға жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған 5 нысан бойынша жеңімпаздар анықталуда. Сонымен қатар, 19 жоба бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.