Аталған ота түрі әдетте хирургиялық араласулар екі жақты саңырау немесе IV дәрежелі есту қабілеті жоғалған науқастарға жасалады.
Түркістан қалалық орталық ауруханасында алғаш рет есту қабілетін қайта қалпына келтіретін ота түрі жасалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қалалық орталық ауруханасында кохлеарлық имплантация бойынша алғаш рет есту қабілетін қайта қалпына келтіретін ота түрі жасалды. Аталған ота түрі әдетте хирургиялық араласулар екі жақты саңырау немесе IV дәрежелі есту қабілеті жоғалған науқастарға жасалады.
Отаның осы түріне қатысты дәрігерлер арасында «Шеберлік – класс» өткізілді. Мастер класста Түркиялық профессор, Айше Пелин Игидер, Түркістан Орталық қалалық ауруханасының дәрігерлеріне хирургиялық араласудың ең озық әдістері жайлы мол тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар орталық ауруханада 3 науқасқа АҚШ өнімі «Advanced Bionics» компаниясының импланттары сәтті орнатылды.
Мамандардың мәліметінше, кохлеарлық имплант, дыбысты қабылдап миға сигнал беру арқылы сыртқы шу жағдайында да оңтайлы дыбыстық жайлылық пен айқын естуді қамтамасыз етеді. Бүгінде Түркістан облысы бойынша нейросенсорлы есту төмендігімен есепте тұрған науқастар саны 2345-ке жеткен. Оның ішінде аталған диагнозбен 641 бала тіркелген.
Ота құны 7,7 млн теңгені құрайды. Алайда отаның бұл түрі жоғары технологиялық медициналық қызметтері арқылы (ЖТМҚ) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңбері аясында жүргізіледі.
Науқасқа ота жүргізілмес бұрын, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының емдеу профилактикалық қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы мен тұрақты жұмыс жасайтын 10 дәрігердің шешімімен диагноз нақтыланып, жоспарлы түрде отаға дайындық жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік бұған дейін кохлеарлық имплант отасы еліміздің ірі қалалары Астана, Алматыда жасалатын болса, енді Түркістан облысында Оториноларингологиялық көмек көрсетудің сапасы мен деңгейін арттыру мақсатында аурухана басшылығының бастамасымен және денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен күрделі ота түрі тәжірибеге енгізілді. Қазіргі таңда МӘМС аясында тегін ота жасалған науқастардың жағдайы жақсарып, қоғам белсендісі ретінде өмір салтын ұстануға бейімделуде.
Сонымен бірге, Түркістан қаласында ағымдағы жылдың қазан айында шетелдік, білікті мамандардың қатысуымен ҚР оториноларингологтарының III съезі аясында аталған ота бойынша шеберлік кластар өткізілмек.