Журналистер қойған өзекті сауалдарға жауап беріп, проблемаларға қатысты ойларын жеткізді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында облыстық мәслихаттағы партия фракциясы мүшелерінің және аудан, қалалық мәслихаттар төрағаларының қатысуымен тағы бір баспасөз жиыны өтті. Осы жолы облыстық мәслихат депутаттары Нұржан Әшіров, Ғабиден Қапалбаев, Бегімбет Байғараев, Мағауия Тұрысбеков, Ғани Райымбеков, Динара Егамбердиева және Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы Бақдәулет Жұмабеков БАҚ өкілдерімен жүздесіп, атқарып жатқан жұмыстары мен көтерген бастамалары туралы айтып берді. Журналистер қойған өзекті сауалдарға жауап беріп, проблемаларға қатысты ойларын жеткізді.
Алғашқы болып сөз кезегін алған Мағауи Тұрысбеков өзі жетекшілік ететін облыстық мәслихаттағы бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жұмысы жөнінде мағлұмат берді. Биыл аталған комиссияның 9 отырысы өтіп, 26 мәселе қаралған екен. Оның ішінде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің атқарған жұмыстары депутаттық корпус тарапынан таразыланып, облыстық бюджеттің атқарылуы қаралған. Осы есептердің объективтілігін қамтуда уақытша депутаттық комиссиялар аудан, қалаларда да жұмыс жүргізген.
- 2024 жылға арналған облыстық бюджет көлемі 6,2 млрд. теңгеге көбейіп, жалпы 1 428,6 млрд. теңгені құрады. Бюджетті нақтылауға ұсынылған жобалардың қатарында денсаулық сақтау саласы бойынша 9 нысанның құрылысына, халықты жұмыспен қамту шараларына, оның ішінде әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ғимаратын күрделі жөндеуге, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға қосымша қаржы бағыттау, ауыл шаруашылығы саласындағы басымдықтарға қаржы бөлу, ауыз су жүйелерінің құрылысына, көпқабатты тұрғын үйлер салуға, инженерлік инфрақұрылым сапасын арттыруға, табиғи газ жүйелерін тартуға, көпірлер мен жолдарды қалпына келтіруге, тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға қаржы бөлу мәселелері депутаттардың ерекше бақылауына алынған, - деді Мағауия Сексенбайұлы.
Облыстық мәслихатқа Созақ ауданынан сайланған Бегімбет Байғараевтың айтуынша, биыл аудандағы 21 нысанның құрылысын жүргізуге 6 808 млн. теңге қаралған. Республикалық, облыстық бюджеттерден және Ұлттық қордан бөлінген қаржы құрылысы өтпелі болған нысандарды аяқтау және әлеуметтік маңызы бар жобалар құрылысын жүргізуге бағытталған. Брифинг барысында журналистер Созақ ауданындағы өзекті мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, аудандағы су арналарының қазіргі жағдайы, сексеуіл алқабын қорғау, оларды заңсыз кесуге жол бермеу, Қызылкөл аумағын қамқорлыққа алу проблемалары сөз болды.
Облыстық мәслихатқа Түлкібас ауданынан сайланған депутат Динара Егамбердиева сайлаушылардың талап-тілегін тыңдау мақсатында 16 қоғамдық қабылдау өткізгенін және 196 азаматтың өтініш-шағымдарын жеке бақылауына алғанын жеткізді. Азаматтар білдірген өтініштердің жартысына жуығы оң шешімін тапса, қалғаны орындалып жатыр екен. Депутат Шақпақ елді мекенін сапалы интернетпен қамту мәселесі өзекті екенін, бұл мәселенің шешімін табу үшін Парламент Мәжілісіне сұрау салғанын жеткізді. Азаматтарды қабылдау арқылы 8 депутаттық сауал жолдаған Динара Егамбердиева тұрғындардың әлеуметтік сұраныстары мен бала құқықтарын қорғауды да ерекше қадағалауға алған. Балалар құқықтарын қорғау омбудсменінің Түркістан облысы бойынша уәкілі міндетін атқаратын ол балалардың құқықтарын қорғау – қоғамға жүктелген айрықша міндет екенін жеткізді.
Брифинг барысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде Нұржан Әшіров айтып берді. Қазығұрт ауданынан сайланған депутат тұрғындарымен кездесу барысында негізінен көгілдір отын, электр бағаналарын ауыстыру, үй іргелік жер, елді мекендердегі жол, мектеп, материалдық көмек көсрсету, тұрақты жұмысқа орналастыру сынды проблемалар көтерілетінін жеткізді. Ал, Ғабиден Қапалбаев Бәйдібек және Сайрам аудандарындағы сайлаушылардың мәселесімен танысу мақсатында бірнеше қоғамдық қабылдау мен кездесу өткізіп, жүзге тарта проблеманың жартысына жуығы шешілгенін жән 8 депутаттық сауал жолдағанын мәлім етті. Ал, Ордабасы ауданынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбековтың сөзіне сүйенсек, күрделі мәселелер бойынша жолданған депутаттық сауалдың барлығы шешімін тапқан. Айтуынша, аудандағы 16 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, салынып жатқан 6 мектептіңүшеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек аудандағы өзекті мәселеге айналған 3 ФАП-тың құрылысына қаржы толық аударылып, шешімін тапқан. Ордабасы ауданы мәслихатының төрағасы Бақдәулет Жұмабеков 11 сессия өтіп, барлығы 43 мәселе қаралғанын айтты. Сессия мәжілістерінде аудан әкімінің есебі, аудандық бюджеттің орындалуы, ауыл әкімдері мен аудан әкімдігі бөлім басшыларының жұмыс есептері, ауылдық округ әкімдіктері тарапынан бюджеттің орындалуы, тағы басқа аймақтың тыныс-тіршілігіне байланысты мәселелер сараланған. Жалпы аудандық мәслихат депутаттары тарапынан 73 депутаттық сауал жолданып, оның 47-сі орындалған және 26-сына заң талаптары бойынша түсіндірме берілген екен.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері Арыс өзені жағалауының жекеменшікке өтіп кеткені, Бәйдібек ауданындағы беккер шұңқырының жеткіліксіздігі, балалар лагерлеріндегі интернет байланысының нашарлығы, Ордабасы ауданындағы электр бағаналарының ескіргені сынды мәселелерді қозғап, депутаттар тарапынан жауап алды.