Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Түркістан облысында ӘМАТ бағасын тұрақтандыру жұмыстары атқарылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдануда. Аталған мәселе Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
– Азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша кешенді іс-шара жоспарын бекітіп, қатаң бақылауға алу керек. Ортадағы делдалдық жүйені тоқтатып, шаруалардың өз өнімін нарыққа тікелей шығаруына жағдай жасау қажет. Қоймаларда сақталып тұрған азық-түліктердің нақты аудан, қалаларға таратылуы мен сатылуына тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізу, аудан, қалаларда әлеуметтік дүкендерді ашу бойынша ұсыныс енгізіңіздер. Облыс аумағында азық-түлік бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында нақты шараларды қабылдауды тапсырамын. Тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тек қана Түркістан қаласындағы 70-ке жуық ірі супермаркетке, базарларға және әлеуметтік дүкендерге ғана жеткізілуде деп отырсыздар. Қалған аудан, қалалардағы базарлар, сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерде де осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, жыл басында бағаның өсуі байқалып, жедел шаралар қолға алынған. Қазіргі уақытта нан бағасы бастапқы қалыпқа келтірілді. Түркістандағы нан компаниясына өндіруші ретінде жеңілдетілген коммуналдық тарифтер тізіміне енгізу, арзандатылған ұнмен қамтамасыз ету қолдаулары көрсетілуде. Сонымен қатар Тұрақтандыру қоры арқылы қаржыланған «Инсаф» және «Ғажайып» нан өндірушілері күніне 2 мың әлеуметтік нанды нарыққа 70 теңгеден таратып отыр. Нан өндірушілер үшін ұн бағасын арзандату мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясына арзандатылған 2 мың тонна бидай алуға ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан өтінім ұсынылған.
Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру үшін тауар өндірушілермен алдын ала форвардтық келісімдер жасалды. Желтоқсан айының соңынан бастап форвардтық келісімдер арқылы алынған көкөніс өнімдерін нарыққа шығару жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 510 тонна картоп, 620 тонна қырыққабат, 268 тонна пияз, 240 тонна сәбіз нарыққа шығарылды. Жалпы алғанда, Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар, қоймадағы қорларды есептегенде Тұрақтандыру қорында 22 мың тонна қор бар. Маусымаралық кезеңде бағаның тұрақсыздығы болған жағдайда, жинақталған қор бағаны 6 айға дейін тұрақтандыру үшін қолдануға жетеді.
Тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қала аумағындағы 70-ке жуық ірі супермаркеттерге, базарларға және әлеуметтік дүкендерге тұрақты жеткізілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Әлібек Плаловтың айтуынша, облыс халқы жыл бойы өңірде өндірілетін ӘМАТ өнімдерінің 17 түрімен толық қамтамасыз етіледі. ӘМАТ өнімдерінің кейбіріне жеке тоқталатын болсақ, өңірде кеш мерзімде пісетін 79,4 мың тонна қартоп өндірілді. Қамтамасыз етілуі – 74 %. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 6,8 мың тонна өнім бар. Ерте мезгілде пісетін картоп өніммен облыс халқы 2 есе артығымен қамтамасыз етіледі. Облыста кеш мерзімде пісетін 20 мың тонна сәбіз өндіріліп, қамтамасыз етілуі 81%-ды құрады. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 1,8 мың тонна өнім бар. Ерте мезгілде пісетін сәбіз өніммен облыс халқы 2 есе артығымен қамтамасыз етілмек. Құс еті, жұмыртқа, балық еті және өзге де азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылған.
Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына жергілікті өнім түрі мен көлемін ұлғайту бойынша тапсырма берді.
– Әлеуметтік маңызы бар 31 азық-түлік түрінің тек 17 түрімен өзіміздің тауар өндірушілер қамтамасыз етуде. Енді қалған 14 азық-түліктің 9-түрін облыста өндіруге толық мүмкіндік бар деп есептеймін. Атап айтқанда, айран, жұмыртқа, ірімшік, сары май, балық, сүзбе, қаймақ, тауық еті, рожки өнімдерімен толық қамтуымызға не кедергі? Бұл нақты жұмыс жоспарының жоқтығы деп санаймын. Сондықтан «Ауыл аманаты» және өзге де жобалар мен бағдарламалар арқылы жергілікті кәсіпкерлер мен шаруаларды үйлестіріп, осы өнімдерді өндіру керек. Осы бағыттағы жұмысты атқарыңыздар, азық-түлік бойынша өңірдің бренд өнімдерін көбейтуіміз қажет, – деді облыс әкімі.


