ТҮРКІСТАН: Аппарат басшысы құрылыс алаңдарын аралап, инфрақұрылым жұмыстарын пысықтады

0
102

Көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар легі жалғасуда.


ТҮРКІСТАН: Аппарат басшысы құрылыс алаңдарын аралап, инфрақұрылым жұмыстарын пысықтады

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы құрылыс алаңдарын аралап, инфрақұрылым жұмыстарын пысықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстармен қатар, инфрақұрылым жүйесін дамыту жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар легі жалғасуда. Құрылыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында.


Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығының инфрақұрылым жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында қаладағы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлермен жүздесіп, жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды міндетті.


Алдымен, аппарат басшысы «Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңына барды. Бүгінде мұнда асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстарына «Қаратас Майнинг» ЖШС жауапты. Сонымен қатар №36 көшені аралап, жарықтандыру, жол салу жұмыстарын қадағалады.


Кейіннен, облыс орталығындағы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Бүгінде ғимараттың инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, жиілігі төмен байланыс желілерін тарту, ауа тазартқыш және желдеткіш жүйелерін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын «Ернур «Строй и К» ЖШС жүргізуде. Құрылысқа арнайы 6 техника, 79 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарлануда.


Осы күні аппарат басшысы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын қадағалады. Ғимаратты толық аралап, тұрғын үй аумағын абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар Яссы көшесіне жол жүріп, ондағы абаттандыру шараларын қайта пысықтады.


Аралау жұмыстары қала аумағындағы көпфункционалды атшабар алаңында жалғасты. Нысан 99,3 гектар аумақта орналасқан. Заманауи көпфункционалды кешенде 1 500 орындың трибуна, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымды құрайтын атжарыс алаңы, көкпар алаңы, конкур қарастырылған. Бүгінде ғимаратқа ішкі инженерлік желілер тартылып, сыртқы, ішкі әрлеу, терезе орнату, шатырын жабу, жер тегістеу және дренаж төсеу шаралары жүргізілуде. Құрылысқа 43 дана техника мен 174 адам жұмылдырылған. Нысанды осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға тапсыру көзделген.


Құрылыс барысын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. «Сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, мерзімінен кешіккен мердігерлерге шара көруді тапсырды. Сонымен қатар жұмысшы санын арттыруды міндеттеп, сапаға баса мән беруді талап етті.


Облыс аумағында құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болады.

Бөлісу