Әрбір үйдің ішкі және сыртқы жабдықтары толықтай дайын, ауыз су мен электр жарығы орнатылған.
Арыс қаласында төрт отбасы демеушілер есебінен баспаналы болды , деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Арыс қаласында төрт отбасы үшін ерекше күн болды. Олар көптен күткен жайлы үйлеріне қоныстанып, жаңа өмірге қадам басты. Әсем де жайлы баспаналар «Құрылысшылар» ассоциациясы бірлестігінің демеушілігімен тұрғызылды. Әрбір үйдің ішкі және сыртқы жабдықтары толықтай дайын, ауыз су мен электр жарығы орнатылған. Бұл қайырымдылық шарасы қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілігі мен жерлестеріне деген жанашырлығын айқын көрсетті.
Жаңа қоныс иелерінің арасында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жеңімпазы, Арыстың мақтанышы Азамат Мақұлбеков те бар. Өзінің спорттағы жеңістерімен бүкіл қаланың мәртебесін көтерген Азамат үшін бұл баспана – үлкен жетістіктерге жетелейтін жаңа белес.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өз сөзінде жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтап, игі істі жүзеге асырған «Құрылысшылар» ассоциациясына алғысын білдірді:
– Бұл тек баспана беру ғана емес, адамдардың болашағына сенім сыйлау. Осындай қамқорлық пен қайырымдылық біздің қаламыздың бірлігін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлес қосады, – деді шаһар басшысы.
Жаңа да жайлы баспаналы болған тұрғындар арасында мүгедектігі бар балалар асырап отқан жандар бар. Жаңа қонысқа ие болған олар өз қуаныштарымен бөлісіп, демеушілерге алғыстарын жеткізді. Олар үшін бұл күн ұмытылмас сәтке айналды.
Қоныс иелерін құттықтауға қала ардагерлері де келіп, дәстүрге сай шашу шашып, жаңа шаңырақтарға ақ баталарын берді. Олар әр үйге молшылық, бірлік пен татулық тіледі.
Бұл игі шара қайырымдылықтың, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің айқын көрінісі болды. Арыстағы осындай бастамалар қаланың дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына үлкен үлес қосары сөзсіз.