ТҮРКІСТАН: Арыс қаласының даму қарқыны артып келеді

0
217

Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді.


ТҮРКІСТАН: Арыс қаласының даму қарқыны артып келеді

Арыс қаласының даму қарқыны доғары, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң өсім көрсетті. Бұл туралы қала әкімі Қайсар Маңқараев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында атйп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.


Әкімнің айтуынша, өткен жылы тұрғындар тарапынан 225 ұсыныс пен өтініш түскен. Оның 66-сы толық орындалып, 159 ұсыныс бойынша жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ 26 рет жеке қабылдау өткізіліп, 240 азаматтың мәселесі тыңдалған. Қабылдаулар барысында 305 мәселе көтеріліп, 243-і шешімін тапса, 65 мәселе қосымша қаржы бөлуді қажет етеді.


«Қала экономикасында да өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 85,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,8 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,0 млрд теңгені, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 31,5 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестициялар 30,8 млрд теңгеге жетіп, 27,6 пайызға өсті. 2025 жылы қалада жалпы құны 23,2 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба іске асырылды. Өнеркәсіп саласында 2,8 млрд теңгеге 8 жоба жүзеге асырылып, 157 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 11,4 млрд теңгені құрайтын 3 ірі жоба 2026–2027 жылдары іске қосылады. Сауда және қызмет көрсету саласында жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылып, 140 жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда олардың 6-уы іске асырылды. Халықты жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 6149 жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, бүгінгі таңда 6745 жұмыс орны ашылып, меже артығымен орындалды», - деді Қайсар Зәкірұлы.


Арыс қаласында әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасып, 2025 жылы 528 отбасыға 367,1 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сонымен қатар 86 отбасыға 4 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі берілген.


Қалада мәдениет пен спорт саласында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы ретте былтыр 547 мәдени іс-шара ұйымдастырылыпты. Ал тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқан спорт нысанының саны жүзге жуықтаған. Нәтижесінде спортпен тұрақты айналысатын тұрғындардың үлесі 42,5 пайызға жетіпті.


Сонымен қатар білім беру саласында 600 орынды екі жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Қалада инфрақұрылымды дамыту бағытында электр желілерін жаңарту, ауыз су, жол, жарықтандыру және газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.


«Атқарылып жатқан жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған», - дейді аудан басшысы.

Бөлісу