ТҮРКІСТАН: ​Арыста балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды

0
1 477

Браконьерлер 267 келі мөңке балығын заңсыз аулаған.


ТҮРКІСТАН: ​Арыста балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды

фото: ашық дереккөзден алынған

Арыста балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Арыс ауданының тұрғыны Е.Е. Көксарай су қоймасына өзінің ауылдасын ертіп ап заңсыз балық аулауға барған. Екеулеп үрмелі резіңке қайықпен суға түсіп ау құрған. Жарты тәулік су қоймасында заңсыз балық аулағандар таңғы 09.30 шамасында "олжасын" жинап қайтпақшы болады. Тәртіп сақшылары ВАЗ 21074 автокөлігінің жүксалғышына ауға түскен балықтарды артып жатқан екеудің үстінен түседі. Арыс қаласында полиция бөлімінің қызметкерлері браконьерлердің 267 келі мөңке балығын заңсыз аулап, қоршаған ортаға 327 240 теңге зиян келтіргенін анықтаған.

Бұл жәйт бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс материалдары Арыс аудандық сотына жіберілген. Сотта айыбы ашылған браконьер өкінетіндігін айтып мемлекетке келтірілген шығынды өтеп бергендігін мәлімдеген.

"Сотталушы Е.Е.-ге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 335-бабының 1-бөлігінің 1-тармағымен айып тағылған. Бірақ, сотталушы Е.Е.-нің шынайы өкінуіне және қоғамның заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, ал оған қатысты қылмыстық теріс қылық іс өндірістен тоқтатылды,"-деп хабарлайды Арыс аудандық сотының баспасөз қызметі.