Сырдария өзенінің бойында орналасқан Арыс қаласына қарасты елді мекендерде шыбын-шіркейлердің көбейіп кетуіне байланысты қала әкімінің тапсырмасына орай, шұғыл түрде биолог-энтомолог мамандарды тарта отырып, зерделеу-анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Осы бағытта шіркейлердің пайда болу ошақтары мен елді мекен аумақтарын залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қазыбек Ақылбайдың айтуынша, аталған жұмыстар биологиялық және химиялық дәрілерді қолдану арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар шұғыл түрде әкімдік атынан Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының мамандарымен етене жұмыс істеу үшін ресми түрде хат жолданған.
«Энтомолог мамандардың түсіндіруінше, шыбын-шіркей дернәсілдерінің ошақтары Көксарай су реттегіші мен Сырдария өзенінің бойында анықталып отыр. Қазіргі таңда зерделеу жұмыстарының бірнеше кезеңдері аяқталды. Жақын күндері қорытынды беріледі және соған сәйкес қала аумағында орналасқан елді мекендерде дәрілеу, дезинсекциялау жұмыстары толығымен жүргізілетін болады», – дейді Қазыбек Бауыржанұлы.
Айта кетейік, зиянкес тіршілік иелерінің көлемін азайту мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстарды мамыр және маусым айында жүзеге асыру жоспарланып отыр.