ТҮРКІСТАН: ​Арыста жол ережесін бұзған жүргізуші есірткімен ұсталды

0
882

Жол бойынан велосипедшіні қағып кеткен күдіктіден тінту кезінде есірткі тектес бірнеше препараттар тәркіленді.


ТҮРКІСТАН: ​Арыста жол ережесін бұзған жүргізуші есірткімен ұсталды

Тамыз айының соңында Арыс АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғынның бірінен жол бойынан велосипедшіні қағып кетіп, бой тасалаған күдікті жайлы арыз түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталмыш жайт бойынша полиция бөлімінен бірден жедел тергеу тобы құрылып, жедел уәкілдер мен патрульдік полиция тобының полицейлері оқиға болған жерге жетеді.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер, яғни Арыс АПБ КПБ-нің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Ермек Ералыұлы, ЖПҚ ПП тобының қызмет аға инспекторы Бахытжан Шекербеков, қызмет инспекторы Бибарыс Тәжендер тез арада қала ішіндегі бейнекамералардың жазбаларын тексеріп, куәгерлерден сұрақ жауаптар алып, күдіктіні құрықтауға арналған бірқатар жедел шараларды атқарады.

Осылайша шамамен 2-3 сағаттың көлемінде велосипедшіні қағып кеткен күдікті көлігімен бірге құрықталды. Сақшылар сезіктінің көлігін тінту кезінде сөмкеде тұрған күмәнді затты байқап, тексеру жүргізеді.Нәтижесінде, полицейлер пакетке салынған хош иісі бар, жасыл түсті марихуанаға ұқсас шөп пен прикурсорды, қолдануға тыйым салынған есірткі тектес бірнеше препараттарды тауып, тәркілейді.

Арыстық сақшылар анықтағандай күдікті Арыс қаласына құрылыс жұмыстарына келген Шымкент шаһарының тұрғыны болып шықты.

Бүгінгі таңда аталмыш жайтқа байланысты Арыс АПБ-нің тәжірибелі полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Сараптамалар тағайындалды. Ал, күдікті бас шарасы ешқайда кетпеу туралы міндеттемеде.

Түркістандық полицейлер әрбір тұрғынға жолда абай болуды ескертеді. Мүмкіндігінше жол ережесін сақтап, велосипедті жүргізгенде көлікке кедергі келтірмей, ара қашықтықты сақтау керектігін айтады.

Егерде оқыс оқиғаның құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бірден «102» нөміріне хабарласыңыз. Полиция қызметкерлеріне уақытылы жүгінген жағдайда, қаскөйді ізін суытпай құрықтау мүмкіндігі арта түседі.