ТҮРКІСТАН: Астанадағы жәрмеңкеге 550 тоннадан астам азық-түлік қойылады

0
1 464

Жәрмеңке Елордада 2-3 қыркүйек күндері өтеді.


ТҮРКІСТАН: Астанадағы жәрмеңкеге 550 тоннадан астам азық-түлік қойылады

Астана қаласына Түркістан облысынан 550 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Елордада 2-3 қыркүйек күндері Түркістан облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Күні кеше Астана қаласына Түркістан облысынан 550 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері артылған жүк керуені жолға шықты.


Жәрмеңкеде өңірден 70-тен астам ауыл шаруашылығы өндірушілері көкөніс, бақша, жеміс-жидек, ет (жылқы еті, қой еті, сиыр еті, құс еті), сүт өнімдері (қымыз және шұбат), балық пен құс өнімдері, бал, жеміс шырындары мен консервіленген өнімдер, нан өнімдерін нарық бағасынан 15-20 пайызға төменгі бағада сатылады.


Жәрмеңке сағат 9:00-19:00 аралығында Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайы бойынша Қазақ Ұлттық Өнер Университеті алаңында өтеді. Аталған шара барысында Түркістан облысы өнерпаздарының қатысуымен Астана қаласының тұрғындары мен конақтарына арналған концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.


Республика бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 13%-ы Түркістан облысына тиесілі. Климаттық жағдай, жұмыс күші тұрғысында облыс ауыл шаруашылығын дамытуға ең қолайлы өңір. Облыста 80 мың агроқұрылымдар бар. 1 млн. астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты.


Айта кетейік, Астанада өңірлерден тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі 2 қыркүйектен басталып, 29 қазанға дейін жалғасады. Сенбі мен жексенбі күндері жоспарланған жәрмеңкеде Түркістан облысының аграршылары өз өнімін елордада бірінші болып ұсынады.