Өзара тәжірибе алмасу жөніндегі бастамаға қолдау көрсетіп, өңірдің ерекшеліктерін, жұмыс жүйесін таныстырды.
Түркістан мен Атырау облыстарының мемлекеттік қызметшілері өзара тәжірибе алмасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысына Атырау облысы әкімі аппаратының қызметшілері келді. Әріптестерін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов қабылдап, ұжыммен таныстырды. Өзара тәжірибе алмасу жөніндегі бастамаға қолдау көрсетіп, өңірдің ерекшеліктерін, жұмыс жүйесін таныстырды.
«Қасиетті Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Өзара әріптестік, байланыс екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын. Басшылардың, мемлекеттік қызметшілердің басты мақсаты – елге қызмет ету, халықтың жағдайын жақсарту. Сіздер бізге білгендеріңізді үйретіп, біз де өз тарапымыздан сіздерге тәжірибемізді бөлісіп, жемісті жұмыс атқаратынымызға сенімдімін», – деді Еркеғали Әлімқұлов.
Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Марат Абуов қонақжайлық танытқан түркістандықтарға алғысын білдірді. Түркістан облысында тұрғындар саны көп және мәселелері де аз емес. Осы ретте халықты қабылдау, өтініштерімен жұмыс істеу және өзге де салалар бойынша әріптестерімен тәжірибе алмасуға ниетті екенін жеткізді.
Атыраулық мемлекеттік қызметшілер аппарат жұмысын көреді, сонымен бірнеше аудан, қаланы аралап, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өзге де салалардағы жобалармен танысады деп жоспарланып отыр.