ТҮРКІСТАН: Ауру жұқтырып, жан сақтау бөліміне түскендер де бар

0
110

Олардың 69 142-сі 14 жасқа дейінгі балалар, он мыңға жуығы 1 жасқа дейінгі балалар және 7 мыңнан астамы жүкті әйелдер.


ТҮРКІСТАН: Ауру жұқтырып, жан сақтау бөліміне түскендер де бар

Түркістан облысында ЖРВИ аурушаңдығы бойынша 125 804 жағдай тіркелген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар және тұмау аурушаңдығы бойынша баспасөз жиыны өткізіліп, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал баяндалды. Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесовтың сөзіне сүйенсек, жылдың суық мезгілдерінде адамдар түрлі респираторлық инфекцияларға шалдығып, аурушаңдықтың өсіп отырады. Жіті респираторлы вирусты инфекциялар қатарына тұмау және жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын ондаған ауру түрі жатады екен. Сәйкесінше, медицина жүйесінде тұмау және ЖРВИ аурушаңдығының эпидемиялық маусымы ресми түрде 1 қазаннан басталып, сәуір айының соңына дейін созылады.


Спикердің айтуынша, 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымда бүгінге дейін ЖРВИ аурушаңдығы бойынша 125 804 жағдай тіркелген. Олардың 69 142-сі 14 жасқа дейінгі балалар, он мыңға жуығы 1 жасқа дейінгі балалар және 7 мыңнан астамы жүкті әйелдер. ЖРВИ диагнозымен 11 120 науқас ауруханаға жатқызылған. Желтоқсан айында науқас саны көбейгенімен, соңғы екі аптада жағдай тұрақталыпты. Жалпы,ЖРВИ аурушаңдығы көпжылдық бақылау деңгейінен аспаған. Дегенмен, инфекциялық ауруларға, әсіресе ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиоогиялық ахуал тұрақсыз болатындығы белгілі. Аурушаңдық деңгейі кез-келген уақытта көтеріліп, асқынуы ықтимал. Бұған еліміздің алыс-жақын шет мемлекеттермен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен саяси-экономикалық, сауда-саттық және туристік қарым-қатынасын дамытуы да ықпал ететін көрінеді. Осыған байланысты қаңтар айында аурушаңдық деңгейі көтерілуі әбден мүмкін екен.


- Республика көлемінде жүргізілген ЖРВИ және тұмау аурушаңдығын зерделеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, Түркістан облысы күнделікті рутиндік эпид бақылау аймағына жатады. Инфекцияны этиологиялық расшифровкалау мақсатында ЖРВИ жұқтырған науқастардан 66 сынама алынып, «ҰСО» Филиалының вирусологиялық зертханасына жеткізілген. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде 9 науқастан А типтегі тұмау вирусы анықталса, 5 науқастан гриппозды емес штамдар табылып отыр. Жалпы, биылғы эпидемиологиялық маусымда жүргізілген зертханалық зерттеулер елімізде негізінен тұмау вирусының А/H1N1 штамы айналымда екенін көрсетті. 2024 жылы жергілікті бюджет қаржысынан тұмауға қарсы Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 271 348 дозасы алынып, жоспарға сәйкес өңір тұрғындарының 12,9 пайызына егілді. Жоспарлы профилактикалық егу халықтың осал топтарына жүргізілді. Олар: медицина саласының қызметкерлері, жүктіліктің екінші немесе үшінші үшайлығына жеткен әйелдер,диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, науқастығына алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, интернат оқушылары, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Одан бөлек жүмыс берушілер есебінен Созақ және Отырар аудандарында245адам тұмауға қарсы екпе алды. Биылғы эпид-маусымдакороновирус инфекциясының 1 жағдайы тіркелді. Облыс тұрғындарын және қонақтарын ЖРВИ мен тұмаудан сақтануға шақырамын, - деді Бақтыораз Елемесов.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды өңірдегі медициналық мекемелерде 685 инфекциялық төсек-орын бар екендігін, олардың 240-ы ересектерге және 445-і балаларға арналғандығын айтты. Қазіргі уақытта инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны 652-ге жеткен. ЖРВИ диагнозымен емделушілер саны – 486, оның ішінде ересектер –199, жүкті әйел – 66.


- Дәл осындай диагнозбен 221 бала стацинарлық деңгейде ем алып жатыр. 66 жүкті әйел ЖРВИ және 5 жүкті әйел пневмония диагнозымен ауруханаға жатқызылған.Бір әйел Түркістан қалалық орталық ауруханасының жан сақтау бөлімінде. Сонымен қатар, пневмония диагнозымен ем алып жатқан 193 баланың үшеуі жан сақтау бөліміне жатқызылған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиевтің бұйрығымен облыс бойынша пульмонология бөлімінде 254 төсек-орын дайындалды, - деді Бауыржан Сатыбалды.


Мамандардың сөзіне сүйенсек, ЖРВИ және тұмау вирустары өте оңай әрі тез таралады. Ауру жас талғамайды, яғни барлық адам шалдығуы мүмкін. Әсіресе жас балалар мен жүкті әйелдердің денсауығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Инфекция науқас адамнан дені сау адамға негізінен ауа-тамшылы жолмен, жөтелу, түшкіру және сөйлесу кезінде жұғады. Ауру белгілері – дене қызуы 38-40 С градусқа дейін көтеріледі, әлсіздік, бастың сынып ауыруы, қалтырау, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, көздің жасаурауы, мұрынның бітелуі, тамақтың қышуы, тершеңдік және құрғақ жөтел. Ауру 5 күннен 10 күнге дейін созылады.


Тұмау немесе ЖРВИ аурушаңдығының алдын алу амалдары:

- Эпидемия кезеңінің алдында тұмауға қарсы профилактикалық екпе алу;

- Адам көп жиналатын жерге мүмкіндігінше (ойын-сауық іс-шараларына,

Жиналыстар мен кездесулерге) бармау немесе барынша азайту;

- Бетперде тағу (әрбір 3 сағат сайын ауыстыру керек);

- Қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы (құрамында спирт бар)

ерітіндімен жуу;

- Бөлмені, ғимаратты немесе үйді жиі желдету, ауаны ылғалдандыру;

- Денені, аяқты жылы ұстау, салқын сусын ішпеу;

- Таза ауада серуендеу, спортпен айналысу;

- Дұрыс тамақтану, дәруменге бай тағамдарды тұтыну;

- Медициналық ұйымдарда, мектептерде, балабақшаларда және басқа да жұмыс орындарында температуралық, ауа алмасу режимдерін қамтамасыз ету.

Бөлісу