Мамырда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,6%-ға дейін жеделдеді (сәуірде – 8,5%).
ERNUR.KZ. Алматы мамыр айында елдегі ифляциялық көрсеткіш бойынша алдыңғы орынға шықты, деп жазады baq.kz.
Ұлттық банк мәліметінше, мамырда елде жылдық инфляция жеделдеп, 11,3% болды (сәуірде – 10,7%). Жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеді, 3 өңірде баяулап, 1 өңірде бұрынғы деңгейде сақталды.
Жылдық инфляцияның 13,0%-дық ең жоғары мәні Алматы қаласында тіркелді. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, мегаполистегі қымбатшылыққа түрлі факторлар әсер еткен.
Алматыдағы бағаның өсуіне қаладағы коммуналдық тарифтердің басқа өңірлерге қарағанда қымбаттауы септігін тигізді. Екінші фактор, қалада табыс көрсеткіші жоғары болғандықтан тұтыну себеті де жоғары. Түрлі тамақ ассортименті көп сатылады, адамдар көп. Сондай-ақ бұл тұрғын үй нарығына да қатысы бар. Қаладағы жердің аздығына байланысты тұрғын үйлер де қымбаттап жатыр, бұл да өз кезегінде инфляцияға үлесін береді, – дейді экономист.
Мамандар айтуынша, мамырда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,6%-ға дейін жеделдеді (сәуірде – 8,5%). Осы топқа жататын тауарлар бағасы Ақмола облысында (11,4%) ең жоғары, ал Алматы қаласында (8,0%) төмен өсім көрсетті.
Мамырда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі жылдық мәнде 9,0%-ға жетті (сәуірде – 8,9%). Ең жоғары мән Түркістан облысында (14,2%), ең төменгі мән Павлодар облысында (5,4%) тіркелді. Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы жылдық мәнде 16,0%-ға дейін өсті (сәуірде – 15,7%). Сонымен қатар Алматы қаласында (22,5%) баға жалпы республикалық деңгейден жоғары, Алматы облысында (11,3%) айтарлықтай төмен өсім тіркелді, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Айта кетейік, мамырда айлық инфляция елде 0,9%-ға өсті.