ТҮРКІСТАН: Ауыл әкімдері қаржылық сауаттарын көтерді

0
612

Президент пәрменімен биыл 750 мың қазақстандық жоба қатысушысы атанады.


ТҮРКІСТАН: Ауыл әкімдері қаржылық сауаттарын көтерді

Түркістанда ауыл әкімдері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы семинарда қаржылық сауаттарын көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырып, халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруді тапсырған болатын. Президент пәрменімен биыл 750 мың қазақстандық жоба қатысушысы атанады.


Осы ретте «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Түркістанда ұйымдастырылған оқу семинары өз мәресіне жетті. Оқу сабақтарына 100-ге жуық ауылдық округ әкімі қатысып, қаржылық сауатын арттырды. Олар 3 күн бойы қаражатты ұтымды, тиімді, оңтайлы басқару жайын, алаяқтық әрекеттерді анықтаудың әдіс-тәсілдерін меңгерді. Оларға «Қарызсыз қоғам» жобасының арнайы сертификаттарын облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров табыстады.


«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ банкроттық, жұмысқа орналасу және бизнесті қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жәрдемдесу.


Бүгінде бұл жоба Түркістан облысында қарқынды іске асып келеді. Өңірде 2024 жылға жалпы 10 500 адамды оқыту жоспарланған болса, қазіргі кезде 4393 азамат оқытылып, сертификаттар табысталды. 4393 азаматтың 63,3%-ы – 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар.


Жоба тыңдаушыларының 15,2%-ы – аудан тұрғындары, 77,9%-ы –ауылдық округтер, 6,9%-ы – қала тұрғындары.


Несие алғандардың ішінде 1 несие алғандар – 43,5%, 2 несие алғандар – 26,8%, 3 және одан да көп несие алғандар – 29,0%, 10 және одан да көп несие алғандар – 0,7%.


Талдау нәтижесі жоба тыңдаушыларының басым бөлігінде (70,1%) несие бар екендігін көрсетті. Сонымен қатар облыста жобаға халықтың барынша қатысуын қамтамасыз ету үшін бүгінде 17 аудан, қала әкімдерінің орынбасарларын және 181 ауылдық округ әкімдерін оқыту жұмыстары қарқынды жүруде.


Сондай-ақ облыс орталығы Түркістан қаласында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғимаратында өңірлік жобалық кеңсе жұмыс атқаруда. Кеңседе құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері шешімін таппаған мәселелер бойынша азаматтарға қосымша кеңес береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.