ТҮРКІСТАН: «Ауылдағы бір күнім» атты реалити-шоу сайысы мәресіне жетті

0
534

«Қазығұрт» командасы бас жүлдені иеленді.


ТҮРКІСТАН: «Ауылдағы бір күнім» атты реалити-шоу сайысы мәресіне жетті

Түркістанда «Ауылдағы бір күнім» атты реалити-шоу сайысы мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы Этноауылда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудан, қаладан келген белсенді жастар арасында «Ауылдағы бір күнім» атты облыстық реалити-шоу сайысы өтті.


Сайыс ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін кеңінен дәріптеу және жастардың бойында ұлттық құндылықтар мен рухани адамгершілік, имандылық қасиеттерді дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Төрт кезеңнен тұратын сайыста салт-дәстүр, әдет-ғұрып және тарихи сұрақтардан, практикалық тапсырмалар берілді.


«Біз әдетте «ауыл – тәрбие бесігі» дегенді жиі айтамыз. Расында, ауыл әу бастан қазақтың алтын тамыры. Осы орайда, «Ауылдағы бір күнім» шарасын ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлерімізді креативті оймен жаңғырту. Бұл жобада бар өнерлерін ортаға салған сайыскерлер бір сында жеңіліс тапса, келесі сында есе қайтарып, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады. Әсіресе, жастардың қой қырқу, ұлттық тағамдарды дайын күйінде ұсыну сәті тартысты өтті. Өңірдің әр тарапынан жиналған жастардың ептілігі мен еңбекке деген қабілеттерін ескере отырып қазылар алқасы әділ шешім шығарды», - деді «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев.


Жарыс нәтижесінде «Қазығұрт» командасы бас жүлдені иеленіп, 500 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Жүлделі I орынды алған «Созақ» командасына 300 000 теңге, II орын иемденген «Отырар» командасына 200 000 теңге, ал III орын алған «Сауран» командасына 100 000 теңге табыс етілді. Сондай-ақ, «Үздік топ», «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша «Бәйдібек» командасы мен түркістандық Әлия Қалдыбайға 50 000 теңгеден үлестірілді.