Елімізде 1 қазаннан бастап не өзгереді

0
72

1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі.


Елімізде 1 қазаннан бастап не өзгереді

фото: Sputnik / Болат Шайхинов

ERNUR.KZ. Осы айда қазақстандықтарды жұмыссыз ретінде тіркеу тәртібі өзгереді. Оған қоса, жұмыссыздарға жәрдемақы төлеу жүйесіне де өзгеріс енгізіледі. Бірқатар өңірде жылу беру маусымы басталады. Ал бір мемлекеттік мерекенің арқасында қатарынан үш күн демалуға мүмкіндік болады, деп жазады sputnik.kz.

Жылу беріледі

Қазіргі кезде жылыту маусымы бес өңірде - Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында басталды.
Ал 4 қазанға дейін ауа райы көрсеткіштеріне қарай тағы бес өңірде жылу берілді. Олар: Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау облыстарында және Абай облыстары.

Жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес, жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыттың ішінде адам жұмыссыз емес, жұмыс іздейтін адам ретінде тіркеледі.
Мансап орталығының мамандары әрбір адамның еңбек тәжірибесін, білімі мен кәсіби дағдыларын зерделеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Жұмыс берушілермен де байланысады. 13 күннің ішінде жұмыс табылмаса, адамға жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Ал ұсынылған жұмысқа үш күннің ішінде келісім беру керек, я болмаса, бас тартуға болады.

Жұмыссыздардың жәрдемақысы да өзгереді

Осы айда жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі де енгізіледі. Бұдан былай жәрдемақы төлеу мерзімі үш аймен шектеледі. Ал оның ай сайынғы ең жоғары мөлшері 267 750 теңгеден аспайды.
Төлемдер әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай тағайындалады.
6 айдан 12 айға дейін қатысқандарға – 1 ай;
12 айдан 24 айға дейін қатысқандарға – 2 ай;
24 айдан көп қатысқандарға – 3 ай төленеді.
Әлеуметтік төлемді әрі қарай алу үшін жұмыссыз мәртебесі болуы керек. Егер мансап орталығы жұмыссыз азаматқа лайықты үш жұмыс орнын ұсынып, ол олардың барлығынан бас тартса, оны жұмыссыз ретінде есептен шығаруы мүмкін. Ондайда әлеуметтік төлем тоқтатылады.

Салық төлеуді ұмытпаңыз

2025 жылға арналған мүлік салығын төлеудің соңғы күні - 1 қазан. Бүгінде салық сомасын банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады. Сол жерден бірден төлеуге де мүмкіндік бар.
Ал 2 қазаннан бастап салық бойынша берешегі бар азаматтарға хабарламалар жіберіле бастайды. Егер салық төленбесе, мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада көзделген берешекті өндіріп алу рәсімін бастайды.

Депозит мөлшерлемесі өседі

1 қазаннан бастап Қазақстанда валюталық депозиттердің мөлшерлемесі көтеріледі. Бұл өзгеріс тек мерзімі 12 айдан асатын жинақ депозиттеріне қатысты. Олардың шекті мөлшерлемесі жылдық 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін өседі.
Жаңа мөлшерлемелер 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге ғана қолданылуы мүмкін. Алайда әрбір банк депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені өзі белгілейді.

Алматыда су қымбаттайды

1 қазаннан бастап Алматы қаласында жаңа тарифтер енгізіледі.
тұрғындар үшін 1 текше метр судың құны - 178,06 теңге, ал су бұру қызметі - 119,46 теңге;
бизнес үшін су – 362,18 теңге, су бұру – 264,75 теңге;
мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін су – 649,60 теңге, су бұру – 189,14 теңге.
Есептегіші жоқ бір адам үшін суық сумен жабдықтау мен су бұру қызметінің жалпы құны айына 4462,75 теңге болады.

5%-дық несие беріледі

"Кең дала 2" бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржы алуға өтініш қабылдау басталады. Осы бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды.
Қаражатты шаруалар жаңа маусымға дайындалуға, қажетті ресурстарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және алдағы шығындарды жоспарлауға пайдалана алады.
Өтінімдер екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы қабылданады.

Маңдайшаларға қатысты талап

Қазан айында кәсіпкерлер үшін маңдайша орнатуға қатысты жаңа талаптар енгізіледі.
Енді ғимараттар мен нысандарға маңдайша орнатпас бұрын оның эскизін жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісу қажет болады. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.
Өтінішті жергілікті атқарушы органның кеңсесі арқылы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Қызмет көрсету мерзімі құжаттар қабылданған күннен бастап төрт жұмыс күнін құрайды.

Қарттар күніне арналған төлемдер

1 қазан – Қарттар күніне орай бірқатар өңірде зейнеткерлерге біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.
Астанада ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге – 2,5 АЕК немесе 10 812,5 теңге;
Шымкентте 70 жастан асқан тұрғындарға – 3 АЕК немесе 12 975 теңге;
Ұлытау облысында ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге – 20 000 теңге;
Қарағанды облысында 75 жастан асқан тұрғындарға – 21 625 теңге.
Төлемді алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат тиісті санатқа жататын азаматтардың есепшоттарына автоматты түрде аударылады.
Бұл төлем республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджеттен беріледі. Сондықтан оның мөлшерін әр өңір өзі анықтайды. Ал Кей өңірлерде оның орнына басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Кәсіби мереке көп

Осы айда бірнеше кәсіби мереке бар. Олар:
1 қазан - Радио күні;
5 қазан - Мұғалімдер күні;
6 қазан - Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні;
10 қазан - Қазақстан кәсіптік одақтарының күні;
19 қазан - Құтқарушы күні;
қазанның үшінші жексенбісі - Орман шаруашылығы қызметкері күні;
24 қазан - Кітапханашы күні;
қазанның соңғы жексенбісі - Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні;
29 қазан - Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні.

Мемлекеттік мерекені қалай атап өтеміз

Қазан айында мемлекеттік мереке де бар. Ол – Республика күні.
Биыл 25 қазан жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты дүйсенбі күні қосымша демалыс беріледі. Осылайша, қазақстандықтар қатарынан үш күн – 24, 25 және 26 қазанда демалады.
Бұдан басқа мерекелік демалыс болмайды.

Каникул басталады

Қазанда оқушылар бірінші тоқсанды аяқтап, күзгі каникулға шығады.
күзгі каникул - 26 қазан-1 қараша;
қысқы каникул - 28 желтоқсан - 10 қаңтар;
көктемгі каникул - 22-28 наурыз;
Бұдан бөлек, бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында 7 күндік қосымша демалыс қарастырылған.