Екі нысан мен жүк көлігі жанып кеткен.
Келес ауданында орын алған өрт толығымен сөндірілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
2020 жылғы 12 маусым күні таңғы сағат 6.05-те «101» нөмеріне Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылы, Рыскулов көшесі №35 мекенжайында орналасқан «Аят-ата» азық-түлік дүкені жанып жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Шақырту бойынша №14 өрт сөндіру бөлімі және №19, №25 өрт сөндіру бекеттерінен күш-құралдары жіберіліп, оқиға орнына жедел жеткен бірінші бөлімше барлау жұмыстарын жүргізеді.
Тілсіз жау сағат 7.10-да оқшауланып, 8.10-да толығымен сөндірілген. Аталған төтенше жағдайға Түркістан облысы Төтенше жағдай қызметкерлерінен 30 адам, 7 өрт сөндіру автотехникасы, полиция бөлімі, жедел жәрдем орталығы мен «Онтүстік жарық транзит» ЖШС жұмылдырылды. Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Бірақ, нысанның 2-қабаты мен алаңы 250 шаршы метр шатыры, көлемі 32 шаршы метрді құрайтын ғимаратқа жапсарлас салынған қойма және мемлекеттік нөмірі kz 725 DE 02 "Газель" жүк көлігі жанған. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.