Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекеніне табиғи газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Ізгі тілегін жеткізіп, бұл жұмыстар Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Сонымен қатар салтанатты шараға Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, аудан әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Жобаны жүзеге асырған – «KazBuildCo» ЖШС. Газ құбырының ұзындығы – 10,700 шақырым. Нәтижесінде аудандағы жалпы 50 елді мекеннің 39 елді мекені (78%), 48 221 халықтың 43 778-і (90,8%) табиғи газбен қамтылды.
Бұдан бөлек, биыл 8 елді мекенді (Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас, Шұқыршақ) газдандыру құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.


