ТҮРКІСТАН: БАҚ өкілдері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті

0
82

Әр сайыс тартысқа толы болып, қатысушылардың спорттық рухы мен достық қарым-қатынасы ерекше сезілді.


ТҮРКІСТАН: БАҚ өкілдері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» БАҚ өкілдері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері ұлттық спорт ойындарынан өзара бақ сынады.

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өткен тағылымды іс-шара ұлттық мұраны ұлықтап қана қоймай, ақпарат саласы өкілдерінің ынтымағы мен достығын нығайтқан ерекше кездесуге айналды.

Іс-шара барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Журналистер мен блогерлер қазақтың төл ойындары – асық ату мен тоғызқұмалақтан сынға түсіп, мергендік пен ептілікті, зеректік пен логикалық ойлау қабілетін көрсетті. Әр сайыс тартысқа толы болып, қатысушылардың спорттық рухы мен достық қарым-қатынасы ерекше сезілді.

Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Осындай игі бастамалар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіріп, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға, салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттауға жол ашады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

Бөлісу