ТҮРКІСТАН: Бала туу көрсеткіші көбейіп, ажырасу азайған

0
1 018

Ордабасыда оң көрсеткіш көбейіп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Бала туу көрсеткіші көбейіп, ажырасу азайған

Ордабасы ауданында ағын су мәселесі шешілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы ауданында 2020 жылдың 1 тамызына дейін барлығы 2906 азаматтық хал актісі тіркелген.

Атап өтсек, бала туу көрсеткіші өткен жылғы есепті кезеңде 1637 болса, биыл ауданда демографиялық өсім бар. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдың басынан бері 1973 нәрестеге туу туралы куәлік берілген.

Сонымен қатар, Ордабасы ауданында неке бұзу дерегі азайған. 2019 жылы бұл мезгілде 98 отбасы ажырасса, қазіргі таңда Ордабасы ауданы бойынша шаңырағы шайқалғандар саны 22 жанұяны құрап отыр.

Сондай-ақ, аудандағы жағымды жаңалықтардың бірі - Ақбұлақтағы ағын су мәселесінің шешілуі. Осы орайда аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков Бадам ауыл округіндегі механикалық тазалау жұмыстары басталған Ақбұлақ каналына барып, атқарылған тірліктерге қанықты.

Ақбұлақ каналын тазалау мәселесі мұндағы шаруаларды көптен бері алаңдатып жүрген. Аудан басшысының бастамасымен демеушілер арқылы бұл түйіткілдің де түйіні тарқатылды.

Су арнасының жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайды, бұл канал арқылы 71 шаруашылық егістіктерін суғаруда.