Тазалық жұмыстарына 63 028 тұрғын атсалысқан.
Түркістан облысында өткен аптада 187 тазалық шарасы ұйымдастырылып, 193 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалу тұрақты бақылауда. Өткен аптаның өзінде елді мекендерде 187 тазалық шарасы өтті. Нәтижесінде, тазалық жұмыстарына 63 028 тұрғын атсалысып, 193 тонна қоқыс шығарылды. Өңірдегі тазалық, және абаттандыру бағытында атқырылып жатқан жұмыстар облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде қаралып, кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді.
– Ауыл-аймақтарда жиналатын қоқыстарды жүйелендіру үшін ауыл әкімдіктері тарапынан бақылауды күшейту қажет. Аудан, қала аумағында мониторинг жұмыстарын жүйелеп, қоқыс жиналатын заңсыз орындарды жойыңыздар. Өз жұмысын тиісті деңгейде атқармай, салғырттық танытып отырған жауапты тұлғаларға шара көріледі, – деген Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға елді мекендердің тазалығын тұрақты қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Мәжілісте «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың есебі тыңдалды. Жалпы бағдарлама аясында бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты қадағалануда. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары маңызды. Осы бағытта бүгінгі таңда облыста 101 билборд орнатылып, 571 арнайы бейнеролик 139 телеканалда және 9 685 пабликте жарияланды.
Қазіргі уақытта «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 2 993 өтінім түскен. Оның ішінде, 2 979 өтінім орындалса, 14 өтінім орындалу барысында. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 20 465 хаттама толтырылған. Жалпы 498 млн. теңгеге айыппұл салынып, 247 млн. теңге өндірілді.
Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» және «Қазығұрт» бекеттерінде анықталған қоқыс орындары дер кезінде жойылды. Ал, Кентау қаласындағы базар аумағында рейдтер өткізіліп, бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.