ТҮРКІСТАН: Былтыр 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

0
53

Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше басымдық берілді.


ТҮРКІСТАН: Былтыр 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді

Түркістан облысында былтыр 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен алқа отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған басым бағыттар талқыланды. Сонымен қатар өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінде атқарылған ауқымды жұмыстар атап өтілді. Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше басымдық берілді.


Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.


– Басты қазынамыз – адам өмірі. Мемлекет бюджетін медицина сапасын жетілдіруге, қызмет сапасын арттыруға, жаңа технологиялар енгізуге тиімді пайдаланыңыздар. Жекеменшік секторлардағы медициналық мекемелерге де талап күшейеді. Сондықтан мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандырып, медициналық қызметтің барлық деңгейде сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етіңіздер. Жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныс беріңіздер, – деді Қанат Қайыпбек.


Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында перинаталдық көмек 3 деңгейде көрсетіледі. Бүгінде өңірде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Олардың кадрлық қамтамасыз етілуі 95 пайызды, ал жабдықталу деңгейі 80,7 пайызды құрайды.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 780 сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздер мен үшемдер бар. Балалар денсаулығын сақтау бағытында да оң көрсеткіштер байқалады. Облыста 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды. Сонымен қатар патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Бұл ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік беріп отыр.


Түркістан облысында заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. Өткен жылы өңірде 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 22 медициналық пункт іске қосылды. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.


Сондай-ақ, облыста ірі стратегиялық медициналық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы мен 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, биыл тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңғырту мақсатында Сайрам аудандық орталық аурухана мен Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасына, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында облыстың медициналық ұйымдары 2 560 дана заманауи медициналық құрал-жабдықпен толықтырылды. Оның ішінде МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар бар.


Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Ал мектеп медицинасын дамыту аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді.


Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев денсаулық саласын жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын жеткізіп, тапсырмалардың орындалуы бақылауда болатынын айтты.

Бөлісу