Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізілді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет Сарыағашта жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңірдің барлық аудан, қалаларында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының ашық форматтағы жеке қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Кезекті «Ашық есік күні» аясындағы бірыңғай қабылдау Сарыағаш ауданында жалғасты. Жұмыс сапарымен барған өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Бірқатар өзекті мәселелер ашық айтылып, тұрғындар көкейіндегі сауалдарын қойды. Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері де қатысып, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты.
Облыс әкімініне өтініш-тілектерін айтуға келген азаматтардың бірі тұрғын үй жалдауға қаржылай көмек немесе жер телімі берілуін сұраса, енді бірі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында игерілмей жатқан жерді алу бойынша сұрақ қойды. Тағы бір топ аудан тұрғыны мектептің құрылысының сапасыздығы бойынша және шағын орта мектеп директорының тағайындалуына, тұрып жатқан тұрғын үйінің шешімін бермегендігіне, жер заңсыздықтарына, денсаулық жағдайына шағымданды.
Сондай-ақ жеке қабылдау барысында бабасының есімін тарихи тұлғалар тізіміне енгізу бойынша ұсыныс айтылды, балабақша мен электр жарығы, жол, тұрғын үй мәселесі көтерілді. Мектеп алдындағы жолға бейнебақылау орнату мәселесі ұсынылды. Өңір басшысынан атаулы әлеуметтік көмек беруін, спорт кешенін «ART sport» бағдарламасына қосуды, сонымен қатар жер беруді, тұрғын үймен қамтамасыз етуді, перзентін емдетуге көмек сұрағандар болды.
Облыс әкімі әрбір мәселені жауапты тұлғалар жан-жақты зерттейтінін, шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын жеткізді. Заңды жолдарын түсіндірді. Оңтайлы шешілуі үшін тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді. Айта кетейік, сол сәтте шешімін тапқан мәселелер де болды. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізілді.