Олар адам бойындағы экомәдениетті қалыптастыруға атсалыспақ.
Түркістандық ерктіктілер Отырар ауданында сенбілік ұйымдастырды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан өңіріне белгілі блоггерлер, белсенді әлеуметтік желі қолданушылары Қайрат Кәрібаев пен Ғани Назарбекбастаған облыстың ерікті жастары әйгілі сазгер, еліміздің мемлекеттік гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туып-өскен ауылына саяхаттап, экосенбілік ұйымдастырды. Алдымен ерікті жастар ән падишасының үйіне барып, сазгердің саусақ іздері қалған, күнделікті тұрмыста пайдаланған заттарын көріп тамашалады. Мұнан соң аудан өнерпаздарымен бірге композитордың жүректерді тербеген сазды әндерін шырқап, көңілді бір серпілтіп алды.
Өңіріміздің белсенді жастарын Шәмші үйінің алдынан күтіп алған аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов келешек ұрпаққа тәрбиелік мәні бар істерімен өнеге көрсетіп, адам бойындағы экомәдениетті қалыптастыруда белсенділік танытқан азаматтарға шынайы ағалық алғысын жеткізді.
Кездесуде белсенді блоггер Қайрат Кәрібаев Шәмші үйіне күйтабақ ойнатқышын естелікке тарту етті.
Одан әрі жастар көше бойындағы ағаштардың түбін әктеп, ауыл маңындағы Арыс өзенінің бойын күл-қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Айта кетсек, бұл іс-шара аталған волонтерлардың алғашқы іс-шарасы емес. Бұған дейін де бірқатар орындарда сенбілік ұйымдастырған.