ТҮРКІСТАН: Елді мекендер толықтай бас жоспармен қамтылады

0
97

523 елді мекеннің бас жоспары сапасыз екені анықталды.


ТҮРКІСТАН: Елді мекендер толықтай бас жоспармен қамтылады

Түркістан облысында елді мекендерді бас жоспармен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асановтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер басқарманың 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы ақпарат беріп, жүйедегі жаңалықтарды бөлісті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету, қала құрылысы жобаларын әзірлеу, оларды сараптамадан өткізу және жүйеге жүктеу, қала мен аудан орталықтарының сәулеттік келбетін жақсарту, туризм саласы бойынша концепциялар әзірлеу, сәулет бөлімдеріне методикалық көмек көрсету және қызметінтеріне мониторинг жүргізу – басқарманың негізгі бағыттары мен міндеттері болып саналады.


Спикердің сөзіне сүйенсек, аудандық және қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің қызметіне байланысты 3 индикаторлық көрсеткіш белгіленген. Олар – қалалар мен аудандарды дамыту мақсатында және туризм саласы бойынша концепциялар әзірлеу; қала және аудан орталықтарыныңсәулеттік дизайнын даярлау; қалалар мен ауылдардың бас жоспарларын әзірлеу мен түзету. Осыған сәйкес, елді мекендердің сәулеттік дизайнын әзірлеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, басқарма тарапынан екі мемлекеттік қызмет көрсетіліп келеді. Олар – «Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру» қызметтері.


«Түркістан облысы бас жоспармен қамту бойынша алтыншы орында тұр. Өңірдегі 801 елді мекеннің 794-і бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспары әзірленіп жатыр. 2026 жылы толықтай аяқтап, 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткіземіз. Бас жоспарларды және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын цифрландыру, мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесіне енгізу мақсатында басқарма тарапынан талдау жүргізіліп, 523 елді мекеннің бас жоспары сапасыз екені анықталды. Оның 293-інде векторлық форматтағы сызбалар жоқ болса, 230-ының құрамында негізі сызбалар ғана бар. Бас жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігіне орай, облыс әкімдігімен 2025-2029 жылдырға арналған жол картасы бекітіліп, 390 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және түзету жоспарланған. Осы жоспар негізінде 2025 жылы басқарма тарапынан 30 елді мекеннің және аудан, қала әкімдіктері тарапынан 76 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу жұмыстары басталған», - деді Қуаныш Қабылбекұлы.


Былтыр қала мен аудандардың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында облыс әкімінің төрағалығымен өткізілетін «Сәулеттік жобалар бойынша» мәжіліс 10 рет ұйымдастырылып, 108 эскиздік жоба қаралған. Оның ішінде 19 жоба Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан, 57 жоба сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан, 5 жоба құрылыс басқармасы мен жобалаушы мекеме тарапынан және 27 жоба «Тұран» арнайы экономикалық аймағы» тарапынан ұсынылған. Облыстағы туризмді дамыту мақсатында әр аудан, қаладан концептуалды жобалар дайындалып, ұсынылу үстінде. Мұндағы мақсат – аудан, қала орталықтарының сәулеттік келбетін жақсарту, тұрғындар тіршілігі үшін қолайлы орта қалыптастыру. Бұл жұмыстар әсіресе, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы ретінде дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, облыстық туризм басқармасымен бірлесіп, аймақтағы туристік 100 орын анықталған. Қазір концептуалды жобалар кезегімен дайындалып жатыр екен. Тізімдегі орындардан бөлек басқа да локацияларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.


«Аудан, қала әкімдіктерінің сәулет және қала құрылысы бөлімдері тарапынан көрсетілетін сәулет-жоспарлау тапсырмалары (СЖТ), эскиздік жобаларды келісу, пайдалануға қабылдау актілерін есепке алу, оларды мемлекеттік қала құрылысы кадастры геопорталына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Және осы жұмыстарға басқарма тарапынан тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Негізі мақсат – заңсыз құрылыстың алдын алу; сапалы мемлекеттік қызмет көрсету; мемлекеттік қызметтердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету; құжаттарды уақтылы және сапалы дайындау; құжаттардың цифрлануын қамтамасыз ету. 2025 жылдың басынан бері СЖТ беру бойынша 3635 өтініш қаралып, жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімдерімен жұмыс атқарылды. Мемлекеттік қала құрылысы кадастырының геопорталына 3464 СЖТ енгізілді. Эскиздік жобаны келісу бойынша 3959 өтініш түсіп, 3836 эскиздік жобаның енгізілді. Басқарма тарапынан белгіленген міндеттерге сәйкес бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта сәулет талаптарын күшейтіп, елді мекендердің кешенді дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады», - деді спикер.

Бөлісу