Өткен жылы Келес ауданында 13 ауылды ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілді.
ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, нысандардың орындалу деңгейі туралы ақпарат берді.
Жұмыс сапары алдымен Ақсу елді мекеніндегі ауыз су құрылысынан басталды. Жауапты мамандар жобаның іске асырылу барысы мен тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіштері туралы мәлімет ұсынды.
Бұдан кейін Жуантөбе елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылысы қаралды. Мұнда су құбырларын тарту, насос стансасын орнату және тұрғын үйлерді орталықтандырылған жүйеге кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ Жаңадәуір ауылындағы ауыз су нысанының жай-күйі пысықталды. Сонымен бірге Ескіқорған, Құйған және Қияжол елді мекендеріндегі ауыз су құрылыстарының барысы зерделенді. Аталған ауылдарда нысандардың жұмысы көрсетіліп, тұрғын үйлерге арнайы барып, орталықтандырылған су жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғаны тексерілді.
Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарымен кездесіп, сапалы ауыз сумен қамтудың маңыздылығын атап өтті. Тұрғындар жаңа су жүйесінің игілігін көріп отырғандарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, өткен жылы Келес ауданында 13 ауылды ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Жобалар қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды.


