ТҮРКІСТАН: Гаухар ана кесенесінің аумағы жаңа кейіпке еніп келеді

0
2 577

Гауһар ана кесенесі аумағын абаттандыру, тазалығын сақтау, келуші туристер мен қонақтарға жайлы жағдай жасау күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі.


ТҮРКІСТАН: Гаухар ана кесенесінің аумағы жаңа кейіпке еніп келеді

Түркістан облысы Түркістан-Шәуілдір тас жолынан мағңында орналасқан Гауһар ана кесенесі күн санап жаңа кейіпке ене бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ХІІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ананың қабір жапқышы жаңартылып, кілем мен қонақтарға арналған төсеніштер ауыстырылды.

Сонымен қатар, кесене мен құдық суына апаратын аяқ жол бойына арнайы құмыралар орнатылып, гүлдер қондырылса, аула тастардан тазартылып, түрлі - түсті әсем гүлдердің тұқымы себілді.

"Былтырғы жылы кесенеге келушілерге арналған автотұрақ салынып, айналасы темір шарбақпен қоршалды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылды. Биыл аталған кесене аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізу қарқынды түрде жүзеге асуда. Бірнеше жылдар бойы қат болып сірескен жер арнайы техникалардың көмегімен жыртылып, ірі-ірі тастардан тазартылды. Бұл жерге тыңайтқыштар сеуіп, гүл, ағаш қондырдық. Сондай-ақ, құдық аумағына тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Кесене іші тұрақты түрде әктелсе, автотұрақтың шарбағы сырланып, дәретхана да талапқа сай жөндеуден өтті",- деді Гауһар ана кесенесінің қорықшысы Оразғали Сапарбаев.

Айта кетсек, 2015 жылы Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар анамыздың кішігірім бейітіне «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қайта кесене тұрғызды. Кесене аумағындағы негізгі жұмыстар қолға алынып, жантақ, шеңгел басқан аумақ гүлзарлармен абаттандырылып жүйелі түрде ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Ескерту, белгі тақтайшалары қайта жаңартылып, Гауһар ана кесенесі туралы 3 тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылды. Алыс-жақыннан ағылатын туристердің легі көп болатын болғандықтан заманауи талапқа сай дәретхана салынды.

Гауһар ана кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК құрамына діни-рухани ескерткіштер ретінде тізімге алынған. Биылдан бастап, кесене маңына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Сапар орталығы бой көтеріп, туристер үшін рухани орталыққа айналдыру көзделуде.