200-ден астам спортшы бақтарын сынады.
Жетісай қаласында грек-рим облыс чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай қаласында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтті. «Сырдария» спорт кешенінде 2006-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы боз кілемдегі белдесуге өңір аумағындағы 15 ауданнан келген 200-ден астам спортшы бақтарын сынады. Талантты жас балуандар арасындағы тартысты турнир 10 салмақ дәрежесі бойынша өрбіді.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев бастаған азаматтар спортшы жастарға сәттілік тілеп, өңірімізде күрес спорт түрлері қарқынды дамып жатқанына тоқталды.
Облыстық чемпионаттың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 1-орынды иеленіп, жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінді. 2-орынға Түркістан облысының Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп интернат-колледжі құрамасы қол жеткізсе, 3-орын Шардара ауданының құрамасына тиесілі болды.