Жобалар бойынша 83 жаңа жұмыс орыны ашылған.
Созақ ауданында инфрақұрылымдық 15 жоба жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Созақ ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде атқарылатын жұмыстарға 291 миллион теңге бөлініп отыр. Атқарылатын жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне арнайы топ мүшелері бақылау жасауды жоспарлап отыр.
Аталған инфрақұрылымдық 15 жобаға аудан аумағындағы көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары, спорт саласы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және ауыл көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары кіреді. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан жобаларға аудан әкімдігінен құрылған арнайы мониторингтік топ бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бұл Қызылкөл ауылына тартылып жатқан ауыз су құбыры. Мердігер мекеме «Собдис- Строй» ЖШС.Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталуы тиіс. Алдағы уақытта аудан тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі», - дейді Созақ ауданы әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды.
«Собдис- Строй» ЖШС басшысының орынбасары Нұркен Бекайдаровтың айтуынша, конкурс нәтижесі бойынша анықталған жобалар бойынша83 жаңа жұмыс орыны ашылған. 45 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс басты болып отыр. Олардың барлығы да жергілікті тұрғындар.