Шешімін тапқан мәселелер де аз емес.
Түркістан қаласындағы білім саласы үшін 2025 жыл толағай табыстарға, жаңа бастамаларға толы жыл болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ел болашағының жарқын болуы білімді азаматтарға тікелей байланысты. Сондықтан қай мемлекетте, қай өңірде болмасын, өскелең ұрпаққа білім беру және сапасын көтеру жұмыстары ешқашан күн тәртібінен түспейді. Сәйкесінше, Түркістан қаласындағы білім саласы үшін 2025 жыл толағай табыстарға, жаңа бастамаларға толы жыл болған. Қаладағы білім беру мекемелерінде оңды өзгерістер орын алып, білім беру мен тәрбиелеу ісіндегі өзекті мәселелер оң шешімін тапқан. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бақытжан брифингте мәлім етті.
Спикердің айтуынша, бүгінде қалада жалпы 249 білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Оның 86-сы жалпы білім беретін мектеп болса, 152-сі мектепке дейінгі ұйымдар. Мектептен тыс мекемелер саны – 6. Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерде 59508 оқушы білім алып жатса, мектепке дейінгі ұйымдарда 2-6 жас аралығындағы 17776 бала тәрбиеленуде. Мектептен тыс мекемелерде 3429 бала түрлі үйірмелерге қатысып жүр. Жалпы білім беру ұйымдарында 5606 педагог жұмыс істесе, балабақшаларда 1389 тәрбиеші тер төгіп жүр.
«Түркістан қаласында 152 мектепке дейінгі ұйым қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда балабақша кезегінде балалар жоқ, яғни балабақшамен қамту көрсеткіші 100%-ды құрайды. 18 мемлекеттік, 131 жекеменшік балабақша толықтай ваучерлік жүйеге енгізілді. 3 мемлекеттік балабақша санаторлық және мектеп-балабақша болғандықтан ваучерлік жүйеге енгізілмеген. Қажетті құжаттарының толық болмауына байланысты 4 жекеменшік балабақшаны қаржыландыру тоқтап тұр. Түркістан қаласы білім сапасы бойынша облыс көлемінде алдыңғы орында. 2024-2025 оқу жылында білім сапасы 60% болса, 2025-2026 оқу жылының І тоқсанында 57,88%, ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша 60,78% болып тұр. Тоқсан сайын білім сапасы талданып, сапасы төмен пәндер бойынша және мектептермен әдістемелік жұмыстар жүргізілуде. Өткен оқу жылында 178 оқушы «Алтын белгіге», 250 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. 9-сыныпты бітіргендер арасында 350 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 11-сыныпты бітірген 3063 оқушының 2468-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, сынақты сәтті тапсырды. Түркістандық оқушылар арасында ең жоғары 137 ұпайға 1 оқушы ие болды. Сондай-ақ, 9 оқушы 130-133 балл, 63 оқушы 121-129 балл, 105 оқушы 111-120 балл, 139 оқушы 101-110 балл аралығында жинады. Өткен оқу жылында бітірген оқушылардың 53,1%-ы мемлекеттік грант негізінде оқу орындарына қабылданды. Өткен оқу жылында 108 оқушы облыстық олимпиадаларда, 9 оқушы Республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанса, 2025-2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында өткен облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 76 оқушы жүлдегер атанды және 28 оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. 33 оқушы түрлі республикалық байқауларда жүлдегер атанды», - деді Бақытжан Нұрмаханбетұлы.

Түркістан қаласында білім сапасын көтеру, педагогтардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және оқушыларды олимпиадаларға дайындау мақсатында әдістемелік жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр екен. Атап айтқанда, педагогтар үшін оқыту семинарлары, тәжірибелік семинарлар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, шебер-сыныптар, конференциялар мен байқаулар өткізілуде. Ал оқушылар үшін олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары, шебер-сыныптар, байқаулар, слеттар, спорттық жарыстар мен оқулар ұйымдастырылып келеді.
Білім сапасын көтеру мақсатында бөлімге қарасты мектептерде бірнеше жоба да іске асырылып жатыр екен. Соның ішінде 2025-2026 оқу жылынан бастап үйірме ретінде «Яссауитану» пәні оқытылып жатқанын айта кету керек. Педагогтардың білімін жетілдіру жұмысына да басымдық берілген. Бүгінге дейін педагогтардың барлығы курстарда біліктілігін арттырып үлгерген.
2025 жылдан бастап Оқу-ағарту министрінің бұйрығы негізінде бөлімге қарасты білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылып жатыр. Былтырғы тамызда барлық білім беру ұйымдары директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған семинар өткізіліп, бағдарламаның мақсат-міндеттері түсіндірілген. Бағдарлама аясында оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, құқықтық тәрбие беру, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар жоспарын жасау жұмыстары атқарылған. Бағдарлама аясында «Қауіпсіз балалық шақ», «Қауіпсіздік сабағы», «Құқықтық тәрбие: құқықбұзушылықтың алдын алу», «Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық тәрбие әдістері», «Алғашқы қазақ мектебінің құрылғанына 160 жыл», «Көркем әлем», «Мектеп Президенттері ел болашағының елшілері», «Шынайы шеберлік – адал еңбекте», «Бала. Отбасы. Қоғам», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы», «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «SMART BALA» жобалары жүргізілген. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 48 семинарлар мен кездесу, ұл балалардың қатысуымен 105 іс-шара, 35 жоба аясындағы іс-шаралар ұйымдастырылған. Қыркүйек айынан бастап «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың әлеуметтік және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мінез-құлқындағы ауытқушылықтарды ерте анықтап, оларды түзету үшін қажетті шараларды қабылдау. Бұл мақсатқа жету үшін балаларға құқықтық тәртіпті түсіндіру, оларды дұрыс тәрбиелеу, әлеуметтендіру және психологиялық көмек көрсету жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында жоспар әзірленіп, іске асырылып жатыр.
«2025 жылы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және сауықтыру мақсатында бөлімге қарасты балалар лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Лагерге қосымша 200 орынды 10 модульді жатақхана орнатылды. Осылайша қала сыртындағы лагерде 1450 бала тегін демалды. Сондай-ақ, мектепішілік лагерь жұмысы ұйымдастырылып, 1-4 сынып аралығындағы балалар шақырылды. Жасөспірімдердің психологиялық жағдайын тұрақтандыру мақсатында білім бөліміне қарасты мектептер облыстық психологиялық қолдау орталығымен бірлесіп, кешенді жұмыс жүргізуде. Әр ай сайын мектептерге әдістемелік көмек беріліп жатыр. Оқушыларды психологиялық қолдау, стрессті басқару және оқушылардың эмоционалды ахуалын тұрақтандыру бағытында қазан-қараша айларында бірнеше іс-шара өткізіліп, жоғары сынып оқушыларынан сауалнама алынды. Педагог-психологтар 2025-2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес, тәуекел тобына жататын балаларды зерделеді. Тиісінше, жеке жұмыс жоспары түзіліп, психологиялық профилактикалық жұмыстар, психологиялық тренингтер, жеке және топтық түзету, дамыту жұмыстары жүргізілу үстінде. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсау фактілері азайды. 2025 жылы бөлімге қарасты 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 9 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қайта жаңғырту бағдарламасына 11 мектеп енгізілген. Олардың төртеуі былтыр қайта жаңғыртылды. 2025 жылы 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Яссы» секторы мен «Жаңа қала» мөлтек ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орынды мектеп ашылды. 2026 жылы А.Юсупов көшесінде 900 орынды мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған. Аталған мектеп ашылған кезде 3 ауысымға көшу қауіпі бар №2 Хамза, №15 М.Жұмабаев және №20 Р.Исетов атындағы мектептерден оқушылар ауысады. Түркістан қаласындағы 38 мемлекеттік мектеп 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарына бейнебақылау камералары орнатылып, облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Турникеттер мен дабыл батырмаларының қалыпты жұмыс істеуі жіті бақылауда. Оқыту және бағалау жұмыстары «Bilim land» платформасы арқылы жүргізіледі. Мектеп асханалары да цифрландырылып, Face ID, «Alaqan» жүйесімен жұмыс жүргізілуде. 2025-2026 оқу жылы қарсаңында оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету үшін 124 949 дана оқулыққа тапсырыс берілді. Оқулықтар толық жеткізіліп, мектептерге үлестірілді. Қазіргі таңда мектептерде оқулық тапшылығы жоқ. Бөлімге қарасты 4 мектеп пен 2 балабақша орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады. 34 мектеп, 19 балабақша, 6 мектептен тыс мекеме сұйытылған газ қазандығын пайдаланады. Жылыту маусымы алдында жылу жүйелері толықтай гидравликалық қысымдаудан өткізіліп, дайындықтары пысықталды. Мектептер мен балабақшаларда жылуға байланысты мәселе туындаған емес. Барлық білім беру мекемелерінде жылу маусымына дайындық жүргізіліп, акт жасалынған. Қазіргі таңда жылу қалыпты деңгейде берілуде», - деді спикер.
Бүгінде оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі мемлекеттік деңгейде бақыланады. Тиісінше, қалалық бөлімге қарасты 36 мектепте асхана және 1 мектепте буфет жұмыс істеп жатыр екен. Асханалардың сыйымдылығы – 5369 орын. 30 мектепте 4 ауысымда, 2 мектепте 3 ауысымда, 2 мектепте 2 ауысымда, 3 мектепте 1 ауысымда ыстық тамақ беріледі. 33 мектепке «Е-асхана» жүйесін орнату бойынша келісімшарт түзіліп, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, қаладағы мектептерде 17481 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Оның 15124-і 1-4 сынып оқушылары болса, 2357-сі әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары.
Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты мекемелерге 2024 жылы 50 млрд. 556 млн. 545 мың теңге қаралған болса, 2025 жылға бөлінген 53 млрд. 813 млн. 972 мың теңге толық игерілген. Бөлімге қарасты 34 мектеп жан басына қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеп жатса, 4 мектеп бұл жүйеге енгізілмеген. Білім мекемелері түгелдей «Фаворит» жүйесімен жұмыс істеуге көшіріліп, салық төлемдері дер кезінде жүргізіліп жатыр екен.
Бөлім басшысының айтуынша, білім бөліміне «Түркістан қаласының 2025 жылға арналған түйінді индикаторлардың жоспарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес 4 тапсырма берілген. Олардың ішінде 2-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, жасөспірімдер арасында суицид фактілерін азайту, балаларды қосымша үйірмелермен қамтамасыз ету деңгейін көтеру тапсырмалары толық орындалыпты. Ал, Д және Е деңгейдегі мектепке тіркелмеген балаларды тіркеу бойынша әлі де жұмыс жүргізілуде. Төлімбет Бақытжан брифингте шешімін тапқан өзекті мәселелерге де тоқталды.
«Түркістан қаласының білім саласында осы уақытқа дейін біршама өзекті мәселе бар болатын. Қала әкімдігі және облыстық білім басқармасымен жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мәселелер шешіліп келеді. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін 3 мектептен тыс мекеменің өз ғимараты болмаған. Жүргізілген ауқымды жұмыстар нәтижесінде «Саз мектебі» бұрынғы өз ғимаратына көшірілді. Күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жабдықталған бұрынғы қалалық сот ғимараты «Өнер орталығына» айналды. Талапқа сай қайта жабдықталған ғимаратқа балалар мен жасөспірімдер орталығы және «Өнер мектебі» қоныстанды. Ғимарат салтанатты түрде ашылды. Осылайша мектептен тыс мекемелердің ғимаратқа қатысты мәселелері толығымен шешілді. Түркістан қаласында 3 ауысымдылық толығымен жойылды. Апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Барлық мектепте ішкі әжетхана жұмыс істеп тұр. Сыртқы әжетханалар жабылған. Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің ғимараты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмегендіктен осы уақытқа дейін қорытынды берілмеген. Онымен қоса, ата-аналар, елді мекен азаматтары қала, облыс әкімдеріне мектептің тарлығы, талапқа сай келмейтіндігі туралы бірнеше рет өтініш жолдап, жаңа ғимарат салуды сұраған. Қазіргі таңда мектеп жанынан салынған жеке мектепті мемлекеттік сатып алу арқылы алып, аталған мектепке беру жұмысы жүргізілуде. Осы сәтті пайдалана отырып, екі ұсынысымды жеткізгім келеді. Бірінші мәселе, оқу жылында оқушылардың, педагогтардың қатысуымен жүздеген іс-шара өткізіледі. Олардың ішінде олимпиадалар, байқаулар, ғылыми жоба жарыстары, конференциялар, спорттық жарыстар сияқты маңызды шаралар бар. Осы орайда база мәселесі қиындық тудырады. Мектептердің барлығында толымдылық жоғары. Мысалы мыңдаған оқушы қатысатын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарын өткізу үшін бір мектепті толық босатып алу қажет болады. Бірақ бұлай істеу мүмкін емес. Сондықтан бірнеше мектепке бөліп өткізу әдісі қолданамыз. Мәселе мұнымен де шешілмейді. Себебі бұл маңызды білім сайыстарын бір жерден бақылауға, академиялық адалдықты сақтауға кедергі келтіреді. Іс-шара өткізіліп жатқан мектептегі білім беру процесіне де кері әсер етеді. Облыс орталығы болғандықтан басқармаға қарасты орталықтар ұйымдастыратын іс-шаралардың басым бөлігі қаладағы мекемелерде өтеді. Мұндай сәтте де бос бөлмелердің болмауы, қажетті жабдықтардың жетіспеушілігі, мектеп жоспарымен өткізілетін іс-шаралармен тұспа-тұс келуі сынды проблемалар туындайды. Оған қоса, соңғы жылдары ата-аналар тарапынан да мектептерде басқа іс-шаралардың өткізілуі сабаққа кедергі болып жатқандығы туралы шағымдар көптеп түседі. Сондықтан облыс орталығында оқушылар арасындағы олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарын, байқауларды, спорттық жарыстарды және өзге де іс-шараларды өткізуге арналған арнайы орталық ашу қажет деп ойлаймын. Екінші мәселе, отбасының цифрлық картасындағы Д және Е деңгейдегі отбасы мүшелерінің 6-15 жас аралығында мектепке тіркелмеген балаларын анықтау және тіркеудегі қиындықтар. Түркістан қаласында мектепке тіркелмеген 240 білім алушыны анықтау бойынша тапсырма берілген. Жүйеден қарау нәтижесінде қайтыс болған 5 бала, шетелде оқитын 25 бала, басқа ауданға көшкен 20 бала, тіркелген 3 бала, 1-сыныпқа баратын 5 бала анықталды. Басқа балаларды да анықтау мақсатында көрсетілген мекенжайлар толық зерттелді. Дегенмен, көрсетілген оқушылар аталған мекенжайда тұрмайтындығы белгілі болды. Яғни, көрсетілген оқушылардың мекенжайын анықтау қиындық тудырып отыр. Бұл индикаторлық тапсырмаларды орындауға да кедергі болуда», - деді бөлім басшысы.

Аталған брифингке «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» директоры Бекарыс Шойбеков те қатысып, мектептен тыс мекемелердің және түрлі үйірмелердің жұмысынан ақпар берді. Ал, Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектептің директоры Алтыбаева Мейрамкүл мен «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі Кубесова Айсұлу өз салаларындағы жаңалықтарды бөлісіп, БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.


