Мәжілісте көтерілген ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.
Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша штаб отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыс әкімдігінің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізді.
– Балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік. Әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруге, сапалы білім мен тәрбие алуға, денсаулығын сақтауға және өз қабілетін толық дамытуға құқығы бар. Түркістан облысы әкімдігі жанындағы штаб мүшелері тарапынан балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осы бағытта балалардың құқықтарының бұзылуының алдын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жиын барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігі атап өтілді.
Отырыста 2026 жылдың алғашқы бес айында орын алған жағдайларға қатысты талдау қорытындылары тыңдалды. Атап айтқанда, облыстық психологиялық қолдау орталығы директор орынбасарының м.а. Азиз Шамитдинов есеп берсе, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік мәселесі бойынша ақпарат ұсынды.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асхат Ержанов пен Түркістан облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев оқушылардың жазғы демалыс кезеңінде оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары туралы баяндады.
Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарға профилактикалық, құқықтық түсіндіру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру және нақты алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды. Мәжілісте көтерілген ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.


