ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлерге балық шаруашылығын қолдау шаралары түсіндірілді

0
73

Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда.


ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлерге балық шаруашылығын қолдау шаралары түсіндірілді

Түркістан облысында кәсіпкерлерге балық шаруашылығын дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, осы тапсырмаға орай балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Үкімет бекіткен қаулыға сәйкес 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде облыста тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделсе, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Аталған межелер балық шаруашылығы саласын кешенді дамытуға, өңірдің азық-түлік әлеуетін арттыруға және әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал етуге бағытталған.


Балық шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2026 жылға акваөсіру саласын субсидиялау үшін 500,0 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 144 млн теңге бөлінген. Бұл қолдау шаралары салаға инвестиция тартуға және кәсіпкерлердің өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.


Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді түсіндіру және олардың дұрыс қолдануын қамтамасыз ету мақсатында басқарма тарапынан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ құрамында басқарма мамандарымен қатар балық шаруашылығы инспекциясы және ветеринария саласының мамандары бар. Топтың негізгі мақсаты – балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге субсидиялау тетіктерін, талаптар мен тәртіптерді жан-жақты түсіндіру.


Кездесулер барысында субсидия алуға қажетті құжаттар тізбесі, өтінім беру тәртібі, инвестициялық шығындарды өтеу шарттары және өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, практикалық ұсыныстар айтылды.


Қазіргі таңда облыс аумағында аквакультура саласында 200-ге жуық субъект өз қызметін жүзеге асыруда. Сонымен бірге өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның ішінде 74 су айдыны конкурстық негізде кәсіпкерлерге бекітілсе, қалған 30 су айдыны резервте тұр. Бұл көрсеткіштер облыста балық шаруашылығын одан әрі дамытуға әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді.

Бөлісу