Жалпы құны 2,152 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын 2022 жылы пайдалануға берілетін болады.
Мақтааралда Қазақстан мен Түркия елдерінің бірлескен мақта майын шығаратын зауыты іске қосылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Түркия елдерінің бірлескен мақта майын шығаратын зауыты іске қосылмақшы. Жалпы құны 2,152 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын 2022 жылы пайдалануға берілетін болады. Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Көкарал ауылында іске асып жатқан инвестициялық жоба жылына 2,9 мың тонна май, 14 мың тонна шрот шығару қуаттылығына ие. Жалпы 48 адамды жұмыспен қамтуды көздейді.
Бүгін аудан әкімі Бақыт Асанов кәсіпорын құрылып жатқан жерге арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда нысанның ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ, Түркия мемлекетінен бірнеше тоннаға жететін құрал-жабдықтары келтірілген. Оны транспортация жасау үшін ондаған жүк көліктері жұмсалған екен.
"Біз мақта шикізатын дайын өнімге дейін жеткізетін осындай жобаларды барынша көбейту үшін жұмыс жасауымыз керек. Сол кезде ақ алтынды шетелге арзан бағаға сатуға мәжбүр болмаймыз. Бұдан бөлек, 2024 жылға дейін Түркия мемлекетімен бірге жалпы құны 5,89 миллиард теңгені құрайтын текстиль фабрикасын іске қосатын боламыз. Жоба жылына 6600 тонна жіп иіріп, 143 адамды жұмыспен қамтитын болады. Әрі қарай оны киім-кешекке, көрпе-кілемге айналдыратын толық индустрия жасау керекпіз" - деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында 2021-2025 жылы Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 10,781 миллиард теңгені құрайтын 308 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуды көздеген 5 жоба іске асырылуда.