ТҮРКІСТАН: Қазақстан полициясы күніне орай үздік қызметкерлер марапатталды

0
114

Бірқатар азаматтарға арнаулы шендер табысталып, жас сақшыларға Алғыс хаттар берілді.


ТҮРКІСТАН: Қазақстан полициясы күніне орай үздік қызметкерлер марапатталды

Түркістан қаласында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне және Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылған мерекелік жиын Қазақстан полициясына арналған бейне роликпен басталды.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін сақтау – аса жауапты әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық пен тәртіп. «Тәртіп бар жерде – береке бар» дейді халқымыз. Ал сол тәртіпті сақтап, елдің тыныштығын қорғау – сіздердің қызметтік борыштарыңыз. Полиция қызметі – нағыз ерлік пен батылдықтың, адалдық пен темірдей табандылықтың мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ерекше сенім артып келеді. Президентіміз «Әрбір тәртіп сақшысының білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды» деген болатын. Қиындыққа мойымай, қауіптен қаймықпай қызмет ету – нағыз ер азаматтың ісі. Түркістан облысының тәртіп сақшылары ел сенімін абыроймен ақтап келеді. Өңірде жүйелі жұмыстардың нәтижесінде құқықтық тәртіп нығайып жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытында атқарылған шаралардың арқасында облысымызда құқықбұзушылық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді. Биыл өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында күн-түн демей қызмет атқарды. Бұл – Сіздердің жоғары кәсібиліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Құрметті тәртіп сақшылары! Халықтың сенімі – ең жоғары марапат. Елдің алғысы – ең үлкен құрмет. Тәртіп сақшыларымыз Әділетті Қазақстанды құруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға сүбелі үлес қоса береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Іс-шара барысында заң мен тәртіпті сақтауда, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауда елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Өңір басшысы қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып жүрген бірқатар полиция қызметкерлеріне II дәрежелі «Айбын» орденін, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын және Алғыс хаттарды табыстады.

Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментіні бастығы полиция генерал-майоры Арыстанғани Запаров та сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтап, сала үздіктері мен ардагер полицейлерге құрмет көрсетті. Бірқатар азаматтарға арнаулы шендер табысталып, жас сақшыларға Алғыс хаттар берілді. Сонымен қатар спорт саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізген полиция қызметкерлері марапатталды.

Салтанатты жиында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына құрмет көрсетіліп, жұбайларына гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар Түркістан облысы ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразалы Жанқожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік жиын еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Айта кетсек, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Соңғы 3 жылда полиция қызметін техникалық жарақтандыруға тиісті қаржы қаралды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту бағытында 97 қызметтік автөкөлік мен техникалар алынып, қажетті инфрақұрылым жасақталды. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Бөлісу