ТҮРКІСТАН: Қазақстандағы ең ірі жылыжайдың алғашқы өнімдері нарыққа шықты

0
47

Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді.


ТҮРКІСТАН: Қазақстандағы ең ірі жылыжайдың алғашқы өнімдері нарыққа шықты

Түркістан облысында орналасқан еліміздегі ең ірі «Экокультура Евразия» жылыжайының алғашқы қызанақтары нарыққа шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Келес ауданындағы «Экокультура Евразия» жылыжай кешенінде қызанақ өсіріліп, алғашқы өнім Қазақстан нарығына жеткізілуде.


Жоба бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып жатыр. Заманауи жылыжай кешендері импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандықтарды жыл бойы, маусым мен ауа райына қарамастан, сапалы әрі дәмді көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Жақын уақытта жаңа өндірістік блоктарды іске қосу және қызметкерлер санын кезең-кезеңімен 800 адамға дейін арттыру жоспарланған.


Көкөніс өсірушілердің орташа ресми жалақысы қолға 320 000-350 000 теңгені құрайды. Барлық қызметкерлер ресми түрде жұмыспен қамтылған.


Бұл жоба ішкі нарықтың тұрақтылығын арттыруға, заманауи жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанда қуатты агроиндустрияны қалыптастыруға үлес қосып жатыр.


Айта кетейік, Түркістан облысындағы жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Еліміздегі ең үлкен жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілмек. Жоба толық іске қосылғанда 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. 2023 жылы 23,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Жылыжай толық Нидерланд елінен алып келінген жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимараты, материалдық-өндірістік қоймалары, бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды. 8 жылыжай блогы және техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылды. Кешеннің ресми ашылуы биылғы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.

Бөлісу