ТҮРКІСТАН: Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ашылды

0
62

Мәдени-спорт кешені 3 ғимараттан тұрады.


ТҮРКІСТАН: Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ашылды

Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпағы және аудан тұрғындары қатысты.


Облыс басшысы тұрғындардың қуанышын бөлісіп, көпшілікті маңызды нысанның ашылуымен құттықтады.


– Бүгін біз киелі Ордабасы ауданындағы заманауи спорт кешенінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Салауатты өмір салтын насихаттау, мәдениет пен туризмді дамыту және тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасау — Мемлекет басшысы баса назар аударған ұлттық басымдықтардың бірі. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі мәдени-спорт кешенінің ашылуы —өңірімізде спорт пен мәдениетті, сонымен қатар туризмді дамытуға жасалған маңызды қадам. Қазақ батыры Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілген бұл кешен тек спорт пен мәдениеттің орны ғана емес, сонымен қатар бабамызға деген құрметтің белгісі. Балуан бабамыз өмірінің соңғы кездерін осы мекенде өткізген. Оның кесенесі де осы аумақта орналасқан. Бұл игі бастама бабамыздың спорттағы ұлы жетістігін ұрпаққа үлгі етуге бағытталған. Ең алдымен осындай ауқымды кешеннің құрылысына бастамашы болған азаматтарға алғысымды білдіремін. Спорт кешені ел игілігіне нәтижелі қызмет етіп, осы кешеннен елдің абыройын асқақтатар жаңа чемпиондар шығады деп сенемін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.


Түркістан облысының әкімі Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағымен кездесіп, пікірлесті. Құрмет кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.


Нысан құрылысын «Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ тапсырысымен «Авторемстрой ЛТД» ЖШС жүргізді. 5 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы ауданы – 3 622 шаршы метр. Жоба құны – 1,3 млрд. теңге.


Мәдени-спорт кешені 3 ғимараттан тұрады. Мұнда мұражай, кітапхана, көрме залы, асхана, конференция залы, спорт орталығы, спортшылар киім ауыстыратын және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. 148 орындық амфитеатр стилінде салынған кешенде ауылдық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде күрестің кәсіпқой және олимпиадалық түрлері: еркін күрес, дзюдо, қазақша күрес, самбо күресінен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.


Халықаралық автожол бойында салынған заманауи кешенде туристер үшін де барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат ішіндегі 138 орындық конференция залы, 48 орындық асхана мен 126 адамға лайықталған шағын көрме залы, кітапхана туристер үшін тәулік бойы қызмет көрсетеді.


Айта кетейік, бүгінгі таңда Ордабасы ауданында спортпен тұрақты түрде аудан халқының 42 пайызы, яғни 53748 адам шұғылданады. Ал, ауданда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 47 пайызды құрайды.

Бөлісу