ТҮРКІСТАН: Қазығұртта республикалық пікірсайыс турнирі өтті

0
197

Еліміздің 8 өңірінен келген 32 фракция қатысты.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта республикалық пікірсайыс турнирі өтті

Қазығұртта «Туған жер – ұлы бабалар аманаты» республикалық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазығұрт ауданында «Туған жер – ұлы бабалар аманаты» атты республикалық пікірсайыс турнирі сәтті өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен турнирге еліміздің 8 өңірінен келген 32 фракция қатысты. Олар туған жер, ел тарихы, ұлт болашағы сияқты өзекті тақырыптарды талқылап, аналитикалық және ораторлық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.


Турнир нәтижелері бойынша Алматы облысынан келген «Ынталы» фракциясы: Жарылқасын Арман, Қуанышбек Бекжан 1-орын иегері атанды. Ал 2-орынды «Майлыошақ» фракциясы: Құрманалиев Рахымжан (Алматы облысы), Әзімхан Бекарыс (Шымкент қаласы), 3-орынды «Жаңабазар» фракциясы: Махамбет Бегзатхан, Кемелбек Аянат (Қызылорда облысы) және «Амангелді» фракциясы: Тілеумұратов Нұрдәулет пен Есенғали Нұрай (Тараз қаласы) иеленді.


Бұдан бөлек бірнеше номинациялар табысталды. Ақсақал лигасы бойынша «Ең үздік спикер» Смағұл Арайлымға (Түркістан облысы), «Үздік спикер» Тоқберген Азаматқа (Астана), Бозбала лигасы бойынша «Ең үздік спикер» Әділбай Ратжанға (Шымкент қаласы), «Үздік спикер» Жүніс Ынтымаққа (Ақмола облысы) бұйырды. Ал Қалқабай Нұрмұхамет (Шымкент қаласы) «Ең үздік төреші», Тағаев Арынғазы (Сарыағаш ауданы) «Үздік төреші» атанды. Барлық жеңімпазға қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.


Ерекше форматта өткен сайыс қазақ халқының рухани байлығы мен ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, қатысушыларға ерекше шабыт сыйлады. Дәстүрлі киім үлгілері мен ұлттық нақыштағы безендірулер турнирді тарихи-мәдени шараға айналдырды. Бұл бастама жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, ұлттық рухты нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық және әлеуметтік өмірге белсенді араласуына ықпал етті.


Айта кетейік, турнирдің негізгі мақсаты – жастар арасында сөйлеу мәдениетін, шешендік өнерді дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.

Бөлісу