Аталған жайттарға қатысты істер құзырлы органдарға және сотқа жолданған.
Түркістан облысында құрылыс нысандарының сапасын бақылау күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы аумағындағы жеке қаражат есебінен салынып жатқан кейбір құрылыс нысандары тарапынан сәулет, қала құрылысы қызметі саласында заң талаптары өрескел бұзылуда. Бұл туралы өңірде жүргізіле бастаған кешенді мониторинг барысында анықталды. Облыс аумағында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылыс нысандарына бақылау мен қадағалау күшейтілді. Облыс аумағындағы заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз құрылыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында кешенді мониторинг жүргізілуде. Оның барысы жайлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.
Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы саласындағы басты міндеттерінің бірі – құрылыс нысандарының сапалы және қауіпсіз болуын қадағалау. Басқарма басшысы Айдос Исмаиловтың баяндауынша, Сайрам ауданында жеке кәсіпкер өз жер теліміндегі құрылыс нысанын жобалау-сметалық құжаттамасынсыз, сараптаманың қорытындысын алмай, өз бетінше ғимарат салған. Құрылыс жұмыстары аяқталғанан кейін ғана тиісті басқармаға хабарлама жолдаған. Сол секілді Қазығұрт ауданында жеке кәсіпкер тарапынан салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру тәртібі бұзылған. Одан бөлек, Сарыағаш ауданында заң талаптарын сақтамай, құрылысы аяқталған 17 нысанның бірден тіркелгені анықталды. Аталған жайттарға қатысты істер құзырлы органдарға және сотқа жолданған.
Облыс бойынша бюджет және жеке қаражат есебінен салынып жатқан заң талаптарын бұза отырып, жұмыс атқарған 36 нысанның кемшіліктері анықталған. Оларға қатысты тиісті шара көріледі. Бүгінде облыс аумағындағы бюджет қаражаты және жеке кәсіпкерлік есебінен салынудағы құрылыс нысандарының саны мыңнан асады. Оның тең жартысы бюджет қаражаты есебінен салынуда.
«Құрылыс нысандарына 177 техникалық қадағалаушы мекеме инжинирингтік қызмет көрсетеді. Олардың жүзге жуығы айлық есепті кешіктіріп жолдауда. Бұл өз кезегінде, объект құрылысының нақты жай-күйі және барысын білуге кедергі жасайды және техникалық қадағалаушы мекемелер тарапынан өзіне жүктелген міндеттерге немқұрайлықпен қарап, тиісінше орындалып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарына қадағалау жасамай, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жұмыстардың сапасыз атқарылуына әкеледі. Бұл жөнінде олар ескерту алды. Пайдалануға берілген ныснадарға қатысты да арыз-шағым көп. Басқармамен облыс аумағында 8 тұрғын үй, 2 мектеп және 1 инфрақұрылым желілеріне қатысты шара көрілді», – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысы қадаң қадағалауда болатынын ескертті. Заңбұзушылыққа барған компаниялар лицензиясын айрылады.
«Құрылысты мойнына алған компаниялардың қаражаты тек сол жоспарланған құрылысқа ғана жұмсалуы тиіс. Әр мердігердің бұл бағыттағы жұмысы қатаң қадағалануы керек. Ол үшін екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргізу қажет. Мемлекеттік тапсырысты алып, алдымен ақшаны жеке бастарына жұмсайтындардың әрекетінен халық жапа шегеді. Құрылысты қадағалауға жауапты мекемелер жұмыстарын адал әрі әділ атқарсын. Әрбір нысанның артында ел үміті, мемлекет бюджеті тұр. Ғимараттар жобалық-сметалық құжатқа сай болып, жұмыстар қатаң қадағалансын. Егер қадғалаушы мекемелер мен құрылысқа жауапты басшылардың өзі бұған жол берсе, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Биылғы 8 айда тексеру қорытындысымен құрылыс барысында заң бұзғандарға 70 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. 2023 жылдың тамыз айының өзінде 9 580 375 теңге айыппұл салынған. Заң талаптарын салынған нысандар бойынша Шардара, Бәйдібек, Отырар, Келес, Созақ, Жетісай аудандары және Арыс қаласы әкімдіктерінде жұмыс жүргізу көрсеткіші төмен.
Жалпы, өңірде құрылыс нысандарында анықталған ақаулар мен кемшіліктер бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданып, мердігерлер есебінен ретке келтірілуде.