Күн тәртібінде Келес аймағын дамыту мәселелері талқыланды.
Дархан Сатыбалды Келес ауданына ат басын бұрып, аудан активімен мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудандарға іссапарлары жалғасуда. Бұл жолы Келес ауданына атбасын бұрып, аудан активімен мәжіліс өткізді. Күн тәртібінде Келес аймағын дамыту мәселелері талқыланды. Индикаторларды орындамаған жауапты басшыларға сын-ескертпе айтылып, жұмыстарды ширату жөнінде тапсырма берілді.
"Келес ауданының 2023 жылға негізгі әлеуметтік-экономикалық даму бойынша арнайы меморандум жасалған болатын. Биыл 10 айдың қорытындысымен аудан бойынша өндеу өнеркәсібі, инвестиция, жаңа жұмыс орындарын ашу және өзге де мәселелер бойныша бірқатар көрсеткіш орындалмаған. Жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету қажет. Келес – көрші мемлекетпен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдаңыздар. Келес ауданында ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. Осы саланы дамыту керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы төмен деңгейде. Жұмысты ширатыңыздар", – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілісте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың атқарған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Ол ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту салаларына басымдық беріліп жатқанын мәлімдеді.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы бойынша істеліп жатқан жұмыстарды зерделеу нәтижесін жариялады. Кемшіліктерге тоқталып, индикаторлардың орындалу барысы туралы ой қозғады.
Оның айтуынша, биыл 11 айда өңдеу өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 1,1 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 5 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығы саласында өнімнің көлемі 76,5 млрд. теңгені құраған. «Ауыл аманаты» жобасының өсімдік шаруашылығы бағыты бойынша 448 млн. теңгеге 80 жоба жоспарланса, бүгінгі күнге 364 млн. теңгеге 55 жоба қаржыландырылған. Құс, балық шаруашылығы бойынша жұмысты күшейту керек.
Жиында мемлекеттік сатып алу, кіріс көздерін ұлғайту, кәсіпорындар ашу, білім, денсаулық салаларын дамыту жолдары сөз болып, өзге де көрсеткіштер талқыланды. Облыс әкімі тарапынан аудан басшылығына инфрақұрылымдарды жақсарту, абаттандыру, тазалық жұмыстарын күшейту, инвестиция тарту бойныша тапсырмалар берілді.