Аппараттық жиында күрделі жөндеуден өтетін каналдардың жобалары да таныстырылды.
ТҮркістан облысы Келес ауданында биыл 86,9 шақырымды құрайтын 32 канал мен қашыртқыны механикалық тазалаудан өткізу көзделген.
Бүгінде 8 нысан, яғни 27,3 шақырымға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округінде 16,5 шақырым, Қошқарата ауылдық округінде 6,8 шақырым, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 шақырым канал тазартылған.
Бұл мәсле Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік жиында талқыланды.
«Келес ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде жалпы ұзындығы 1 051,2 шақырымды құрайтын 148 канал және 144 қашыртқы бар. Сонымен қатар аудан аумағынан ағып өтетін Келес өзені бойында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Ошақты, Бесабдал, Оймауыт су бөгеттері мен сыйымдылығы 25 млн текше метрді құрайтын «Ақылбексай» су қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда мұнда 10,9 млн текше метр су бар, ал су бөгеттері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.
Аппараттық жиында күрделі жөндеуден өтетін каналдардың жобалары да таныстырылды. Саңырау каналының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Күрделі жөндеу аяқталған соң 1 850 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 3 900 гектар егістік жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артады.
Игілік каналының да жобалық құжаттамасы әзірленген. Құны 1,3 млрд теңге болатын жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Шошым каналы да жаңғыртудан өтпек. Жалпы ұзындығы 27,2 шақырым болатын бұл каналдың Келес ауданы аумағына тиесілі бөлігі 11,5 шақырымды құрайды. Жобаның құны 5,2 млрд теңге. Бүгінгі таңда бұл канал арқылы 725 гектар егістік суарылып отыр. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін қосымша 682 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 1 407 гектар егістік жерге су жеткізіледі.
Оған қоса тағы 10 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралуда. Тамыз айында конкурстық жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 4 068 гектар жер қайта айналымға қосылып, 11 621 гектар егістік жерге су беру сапасы жақсарады.