ТҮРКІСТАН: Келесте газ құю бекеттерін тонаған қылмыстық топ құрықталды

0
780

ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді.


ТҮРКІСТАН: Келесте газ құю бекеттерін тонаған қылмыстық топ құрықталды

Түркістан облысы полицейлері газ құю бекеттерін тонаған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Келес АПБ-не ауданға қарасты ауылдың бірінде орналасқан газ құю бекетінде жұмыс жасайтын жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында тас жол бойындағы газ құю бекетінде таңғы сағат 04:00 шамасында жұмыста отырған кезінде белгісіз азаматтар келіп, газ құйып беруге шығуын өтінген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша ол шыққан сәтте, әлгі жігіттердің бірі басынан белгісіз затпен ұрып, құлатады. Келесі біреуі кассадағы ақшаны беруді талап етеді. Алайда кассада ақша жоқтығын көрген күдіктілер, жәбірленушінің қалтасындағы құны 70 000 теңге тұратын ұялы телефонын тартып алып, келген көліктеріне мініп, Жетісай ауданы бағытына кетіп қалғанын көрсетеді.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді. Оқиға орнына жылдам жеткен полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Алдын ала тергеу барысында жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданумен немесе тікелей осындай күш қолдану қатерін төндірумен ұласқан шабуыл жасалғаны анықталды . Полицейлер қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Келес АПБ-нің тәжірибелі қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктілердің көлігін анықтап, осы іске қатысты 4 күдіктіні Шымкент қаласынан ұстады.

Күдіктілер Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Олардан жәбірленушінің ұялы телефоны айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдіктілердің бұл газ құю бекетінен бұрын, жарты сағат алдын 30 шақырым қашықтықта орналасқан жанар-жағар май бекетінен жанармай толтырып құйдырып алып, ақшасын төлемей кеткені белгілі болды. Одан бөлек Шымкент қаласындағы осындай қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.