15 халықтық театр түрлі қойылым сахналап, бақ сынап жатыр.
Келес ауданында құрылғанына 45 жыл болған «Келес» халық театрының мерейтойы аталып өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Келес ауданында құрылғанына 45 жыл болған «Келес» халық театрының мерейтойы аталып өтуде. «Театр – өмір айнасы» атты облыстық халықтық театрлар фестивалі ұйымдастырылып, оған Түркістан облысының аудан, қалаларынан келген 15 халықтық театр түрлі қойылым сахналап, бақ сынап жатыр.
Тағылымы мол рухани кеште театр ұжымын Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Даурен Сариев арнайы құттықтап, қажымас қайрат, табыс тіледі. Театрдың өткені мен бүгініне кеңінен тоқталып, ондағы өнер саңлақтарының ұлт мәдениетінің дамуына қосқан қомақты үлесін ерекше атап өтті.
«Кез-келген ұлттың руханиятын, мәдениетін қалыптастыратын ең ұлы өнер додасы – театр сахнасы. Театр саласының қызметкерлері тынымсыз еңбек пен қажымас қайраттың арқасында түрлі деңгейдегі байқаудан жүзден жүйрік шығып, Түркістан облысын жер жаhанға паш етіе отырып, алдыңғы орындардан көрініп келесіздер. Осы киелі өнердің жолында тер төгіп жүрген әріптестердің қызметі де жауапты. Шеберліктеріңіз теңдессіз биікке өрлей берсін, еңбектеріңізге деген қошемет, құрмет таусылмасын, әр жаңа қойылым биік белестерге бастап, әр сомдаулы рөл көрермен ұмытпас зор қошеметке бөленсін. Шығармашылық табыс, аудан, қалалардан келген қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді Даурен Сариев.
Жиынға келген көпшілік алдымен фестивалдің ашылу салтанатына қатысып, 45 жылдық тарихы бар театрдың өткенінен сыр шертетін көрмемен танысты. Сонан соң көрермендер үлкен залға кіріп, Келес халық театрының «Бейуақ» драмасын тамашалады. Қойылымнан ерекше рухани әсер алған көпшілік қол соғып, өнер ұжымына ерекше құрмет көрсетті.
Атап өту керек, Келес халық театрының құрылғалы бері үлкен белестерді бағындырды. Театр құрамы жаңарды, заман талабына сай жасақталды. Аға буынның салған сара жолын жалғап келе жатқан театр ұжымы ауданның әлеуетін арттыруда халықты өрелі өнермен сусындатып, рухани байлықты толықтыруға және игі дәстүрлерді жалғастыруда аянбай еңбек етіп келеді. Ал «Театр – өмір айнасы» атты облыстық халықтық театрлар фестивалі апта соңына дейін жалғасып, шын жүйріктер марапатталмақ.