2 гектарды құрайтын қоқыс полигоны қоршалып, аумағына түнгі жарық шамдары орнатылды.
Келес ауданында қоқыс полигондары қоршалып, арнайы күзетпен қамтылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы жалпы көлемі 2 гектарды құрайтын қоқыс полигоны қоршалып, аумағына түнгі жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ арнайы күзет қойылды. Аталған жұмыстарды Келес ауданы әкімдігінің «Келес қызмет» мекемесі іске асырды. Сонымен қатар аудан аумағындағы белгіленген қоқыс алаңдарын арнайы стандартқа сәйкестендіру бойынша қажетті шаралар атқарылуда. Бұл туралы Келес қызмет мекемесінің директоры Байтуған Керинбаев мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі 16 полигонды ретке келтіру бойынша жұмыс атқарылуда. Қазірде 2 техника мен 10 жұмысшы қоқыс алаңдарында шашылған қалдықтарды белгіленген жерге жеткізіп, ретке келтіруде. Жоғарыда атаған 16 полигонның бесеуінің арнайы қоршауы болса, алдағы уақытта қоқыс тасталмаған полигондарды экология мамандарының келісімімен жабу жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар Үшқын ауылдық округінің орталығындағы қоқыс полигонын «Келес қызмет» мекемесінің теңгеріміне алу жұмыстары жүріп жатыр. Құжаттандыру жұмыстары аяқталған соң, аталған қоқыс полигонына заң талаптарына сай арнайы қоршау қойылатын болады», – деді мекеме директоры.
Келес ауданының тазалығана жауапты мекеменің директоры тұрғындардан мал өлекселерін арнайы орындарға жеткізіп, қатты тұрмыстық заттарды қоқыс полигондарының ішіне кіргізіп тастауды сұрады.
Айта кетейік, бүгінде жергілікті әкімдік бекіткен кестеге сәйкес Абай ауылы мен Алпамыс батыр ауылдық округінде тұрмыстық қатты қалдықтарды алып кететін мекеме өз жұмысын жүргізуде. Алдағы уақытта аудандағы қалған ауылдық округтерде де жеке секторлардан шыққан қоқыстардың тасымалы ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта бұл жұмыстарды «Келес қызмет» мекемесі атқаруда.